ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІ жақсы жетілген тегін 10 ҚОСЫМША

0
773

Смартфонға жүктеп алып, жұмысыңызды жеңілдетуге кеңес береміз.


ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІ жақсы жетілген тегін 10 ҚОСЫМША

Сурет: toto-school.ru

Жасанды интеллект (ЖИ) мобильді қосымшаларда сұранысқа ие. Ол фотосурет редакторларының, дауыстық көмекшілердің және іздеу жүйелерінің жұмысын жақсартады.

Жасанды интеллекті бар ең керемет қосымшалар рейтингі жасалды. «Ойлау деңгейі» бойынша оқ бойы озып шыққан ондықпен таныс болыңыз.


1. Google Assistant

Google Assistant – смартфондарға, «ақылды» динамиктерге және басқа да тұрмыстық техникаларға орнатуға болатын ЖИ көмекшісі. Ол дабыл орнату, қоңырау шалу немесе ақылды техниканы басқару сияқты күнделікті тапсырмаларды шешуге көмектесетін дауыстық командаларды қабылдайды. Тұрмыстық тапсырмаларды орындауға ғана емес, сонымен қатар әзіл айту сияқты көңіл көтеруге де көмектеседі.

Google Assistant-ті миллиардтан астам адам қолданады. Қолданба әртүрлі платформаларда, соның ішінде iOS-та, Google Play дүкенінде қолжетімді.


2. Amazon Alexa

Amazon Alexa – «ақылды» үй құрылғыларын басқаруға көмектесетін танымал Android қолданбасы. Alexa «үлкен бөлмедегі шамдарды өшіру» сияқты командаларды орындау арқылы жарық, температура және қауіпсіздік жүйелеріне қосыла алады.

Alexa сіздің қалауыңызды есте сақтайды және дұрыс ақпаратты ұсынады. Ол сондай-ақ «еске түсіру», «дабыл қағу» қызметтерін орындайды. Сатып алатын заттар тізімін жасап, тіпті оларға өзі тапсырыс бере алады. Ауа-райы, жаңалықтар мен рецептер туралы ақпарат беру арқылы сұрақтарға тез жауап береді. Қолданба үнемі жаңартылып отырады. Google Play дүкенінде 5 жұлдыздың «4.4» бағасын алған. Жүз миллионнан астам рет жүктелген.


3. Socratic

Socratic – мектеп оқушылары мен студенттерге арналған қосымша. Ол жасанды интеллект алгоритмдерін қолдану арқылы академиялық ақпаратты ғылыми негізге сүйенген, дәлелденген, сенімді дереккөздерден іздейді. Кілт сөздердің нәтижелерін ұсынады және материалдарды қабылдауға ыңғайлы түрде ұсына отырып, оқуға көмектеседі.

Socratic күрделі есептеулерге арналған калькулятормен жабдықталған және оқуға пайдалы анықтамалықтар мен кеңестерден тұрады. Қолданба iOS және Android жүйелерінде қолжетімді. Жүктелу шамасы 10 миллионнан астам.


4. Replika: My AI Friend

Replika: my AI Friend – тірі адаммен қарым-қатынас әсерін беретін чат-бот. 2017 жылы Luka, Inc компаниясы жасаған. Бұл бағдарлама ойын-сауық үшін де, эмоционалды қолдау үшін де танымал болды.

Replika-ның басты міндеті – мәтіндік ақпаратты ЖИ өңдеу алгоритмдері арқылы адамның сөйлеу тіліне ұқсатып ұсыну. Чат-бот әр пайдаланушының ойлау деңгейі, сөйлеу мәнерін зерттеп, соған қарай бейімделеді. Нақты чаттар мен әлеуметтік желілерден мәтіндік өзара әрекеттесу негізінде үйренеді.

Пайдаланушылар өздерінің аватарларын жасайды және қызығушылықтарын көрсетеді. Replika осы ақпараттарды ескере отырып, байланыс орната бастайды. Бот тек хат жазысып қана қоймай, дауыстық хабарламалар мен қоңырауларды да қабылдай алады.

Replika өзін психотерапиялық қосымша ретінде көрсете алды. Ол пайдаланушыларға мазасыздықты, депрессияны және жалғыздықты жеңуге көмектеседі. Сонымен қатар әртүрлі ойын-сауық мүмкіндіктерін ұсынады. Онымен «кездесуге» немесе сұрақ-жауап алмасуға болады.


5. ELSA-Learn English Speaking

ELSA (English Language Speech Assistance) – ағылшын тілінде сөйлей алмайтындарға тілді үйретуге арналған қосымша. 2015 жылы пайда болды және осы уақыт ішінде 140-тан астам елде 13 миллион рет жүктелді.

ELSA-ның басты артықшылығы – сөздерді дыбыстаудағы қателерді анықтайтын және оны тұзеуге көмектесетін инновациялық технологиясы. Сөйлеуді ЖИ арқылы талдайды және айтылымды жақсарту бойынша ұсыныстар береді. Жеке оқу жоспарын жасайды және ең көп таралған 1500 сөзден тұратын мәтіндік материалдарды, кеңестер мен сөздікті қамтиды.

ELSA-ның ақылы нұсқасы қосымша мүмкіндіктер мен жаттығуларды, сондай-ақ тәжірибелі тәлімгерлерден сабақ алуға қол жеткізуді ұсынады. Google Play Store дүкенінен он миллионнан астам жүктеу және 5 жұлдыздың 4.7 рейтингін алды.


6. Lensa

Lensa-AI – фотосуреттерді өңдеуге арналған қолданба. Оны пайдалану оңай және функционалды. Басты артықшылығы – ЖИ көмегімен фотосуреттерді автоматты түрде жақсарту. Қолданба суретті талдайды және жарық, контраст, түстер балансы сияқты параметрлерді реттеп, бірнеше секунд ішінде тамаша фотосурет жасайды. Егер тегін нұсқадағы фильтерлер мен параметрлер жеткіліксіз болса, ақылы түрде премиум жазылым жасай аласыз.

Lensa-ны 10+ миллион қолданушы жүктеп, Google Play дүкеніндегі 5 жұлдыздың 4,6-сына бағалаған.


7. Adobe Express: ЖИ бар бейнелер

Adobe Express – бейнежазбаларды өңдеуді жеңілдету үшін жасанды интеллекті қолданатын қосымша. Ондағы ЖИ бейнематериалдарды автоматты түрде талдайды және монтаждаудың оңтайлы нұсқаларын ұсынады. Бұл әсіресе маркетолог, блогер және басқа да медиа-контент жасаушылар үшін пайдалы. Қолданба терең білім мен тәжірибесіз-ақ кәсіби бейнемонтажды жылдам жасауға мүмкіндік береді.

Adobe Express дауыстық командаларды түсінеді, бұл өңдеу процесін одан да ыңғайлы етеді. Қолданба көптеген құралдарының арқасында видеоға мәтіндер, эффектілер және әуен қосуға мүмкіндік береді. Қажетті құралдарды табуды интуитивті интерфейсі жеңілдетеді. ЖИ видеоның стиліне сәйкес келетін визуалды және аудио материалдарды автоматты түрде таңдауға көмектеседі. Сонымен қатар трендтерді талдайды және мазмұнды жақсарту бойынша ұсыныстар береді.

Adobe Express: videos with AI – 10 миллионнан астам жүктеуді және Google Play Store дүкеніндегі 5 жұлдыздың 4.6-сын жинады.


8. Voice Assistant: DATABOT AI

Voice Assistant: итальяндық robobot Studio командасының DataBot AI – ақпаратты жылдам да тиімді іздейді және талдайды. 5 миллионнан астам қолданушы оның мүмкіндіктерін бағалап үлгерді.

DataBot мәліметті Twitter, Facebook, Google Analytics сияқты күрделі дереккөздерден жинайды. Бұл әсіресе кәсіпкерлер мен маркетологтар үшін пайдалы. Қолданба нарықты үздіксіз зерттеу мен жарнаманың тиімді әдістерін табуды қамтамасыз етеді.

DataBot AI дауыстық командаларды танып қана қоймай, оларға табиғи тіркестермен жауап береді. Сонымен қатар жеке панельдер құруды ұсына отырып, ақпаратты визуализациялайды. Трендтер мен үлгілерді анықтау арқылы ұсыныстар жасайды. Оның қарапайым және ыңғайлы дизайны қажетті ақпаратты табуды жеңілдетеді.


9. FaceApp: Face Editor

FaceApp: Face Editor – ЖИ көмегімен селфи мен портреттерді өңдеп, өзгертеді. Қолданба 2017 жылы танымал болды.

FaceApp фотосуреттердегі жасын, бет әлпетін өзгертуде тамаша жұмыс істейді. Оның көмегімен пайдаланушылар қартаю немесе жасару, мұрт қосу, шаш үлгісін немесе макияжын өзгерту сияқты әрекеттерді фотошоп дағдыларынсыз-ақ, оп-оңай іске асырады.

Сонымен қатар, FaceApp коллаждар жасауға, мәтіндер, стикерлер және басқа да көркем элементтер қосуға мүмкіндік береді. FaceApp-ты толыққанды графикалық редакторға айналдырып, сүзгілерді қоюға, түсі мен фонын реттеуге болады.

FaceApp: Face Editor 100 миллионнан астам жүктеуді және Google Play Store дүкеніндегі 5 жұлдыздың 4.5-ін иемденген.


10. Microsoft SwiftKey пернетақтасы

Microsoft SwiftKey пернетақтасы мобильді теруді ыңғайлы етеді. 2010 жылы шығарылған. Уақытты үнемдеу және байланысты жақсарту арқылы жазғыңыз келетін сөздерді болжайды.

SwiftKey-дің негізгі функциясы – жасанды интеллект және машиналық оқыту алгоритмдері арқылы пайдаланушыны қосу. Неғұрлым көп терсеңіз, қолданба қалауыңызды соғұрлым жақсырақ түсінеді.

SwiftKey пернетақтаның көрінісін өзгертуге мүмкіндік береді: дизайнды қалауыңызша таңдаңыз, пернелердің өлшемін өзгертіңіз, жаңа түймелерді қосыңыз. Қолданба көптеген тілдерді қолдайды, оларды жылдам ауыстыра алады. Мәтінді болжауды жақсарта отырып, жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестерін есте сақтайды.

SwiftKey пернетақтасы Facebook Messenger және WhatsApp сияқты барлық негізгі мессенджерлерде жұмыс істейді.

Бұл – ең жақсы пернетақта қосымшасы, ол жылдам және ең аз қатемен теруге көмектеседі. SwiftKey миллиардтан астам рет жүктелген. Google Play Store дүкеніндегі 5 жұлдыздың 4.1 орташа рейтингі бар.

Сіз бұл қосымшалардың қайсысын қолданып жүрсіз? Әлі қолданбаған болсаңыз, жүктеп алып, жұмысыңызды жеңілдетуге кеңес береміз.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ЖАҢА технологиялар дәуіріндегі СМАРТ-БЕСІКАРБАЛАР