​Жасанды интеллекті жиі қолданудың миға әсері қандай?

0
562

Ғылыми тұжырымдарды қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік.


​Жасанды интеллекті жиі қолданудың миға әсері қандай?

Сурет: i.pinimg.com

Соңғы жиырма жылда ақпараттық технологиялар өмірдің барлық саласына еніп кетті. Интернет ақпарат пен көңіл көтерудің әмбебап көзі болды. Ал смартфон саусақтардың жалғасына айналғандай.

Алайда ыңғайлылықпен бірге белгілі бір қиындықтар да пайда болды. Бұл қиындықтарды түсіну және түсіндіру, дәлелдеу әрі сақтандыру үшін ғалымдар көптеген зерттеулер, тәжірибелер жүргізуде. Басты мақсат – адамның миы мен психикасы цифрлық ортамен тұрақты байланыс жағдайында қалай өзгеретінін анықтау.

Гаджеттерге тәуелділік нені білдіреді? Пайдалы жағын арттырып, зиянын азайту үшін цифрлық гигиенаны қалай ұйымдастыру керек?


Есте сақтау және зейін мәселелері

Мида жұмысының құрылымын алдына қойылған міндеттерге қарай бейімдей алатын ерекше қасиет бар. Егер адам күні бойы назарын хабарламадан чатқа, чаттан жаңалыққа, одан қысқа бейнелерге жиі ауыстырып отырса, дәл осы қысқа әрі үзік стимулдар жүйке байланыстарын «жаттықтырады». Нәтижесінде ақпаратты жылдам, бірақ үстірт өңдеуге бейімділік қалыптасады. Ал зейінді бір іске ұзақ уақыт шоғырландыру, сағаттап ұстап тұру дағдысы әлсірейді.

Осындай жағдайда адам ақпаратты сақтап, керек кезінде қажетке жаратудан көрі, әр жолы жаңадан іздеп отыруға бейімделеді. Яғни жадының «аутсорсингі» жүреді. Біз ақпараттың өзін емес, оны қайдан табуға болатынын есте сақтаймыз.

Мәселен, белгілі күндерді, мінтеттерді, жоспарды, формулаларды, т.б. жаттаудың орнына, смартфонға сақтап, соған сенеміз. Мұны жаман әдет деп біржақты атауға болмас. Оның көмегімен жадыға түсетін салмақ азайып, талдауға ресурстар босайды.

Алайда ақпарат ұзақ сақталмайтын болса, үстірт білімге қанағаттану, істі кейінге қалдыру әдетке айналады. Мұндай тәсіл тұтас көріністі көруге кедергі келтіреді. Теріс жағы – осы. Жасанды интеллектпен (ЖИ) жұмыс барысында да осыған ұқсас мәселелер туындайды.

Ал зейінді шоғырландыру, ұзақ уақыт ұстап тұру, нақты мақсат қою және жүйелілік болған жағдайда жеке өнімділік арта түседі. Ұзақ мерзімді жадыға түсетін жүктеме азайып, жұмыс жадының, іздеу дағдыларының, жедел бағдарлану қабілетінің рөлі күшейеді.

Колумбия университетінің (2011) тәжірибесі интернет арқылы ақпарат іздеген адамдар фактілердің өзін нашар, ал оны қайдан табуға болатынын жақсырақ есте сақтайтынын көрсетті. Қатысушылар дереккөзге апарар жолды нақты еске сақтаған, бірақ ақпараттың өзін емес.

Бүгінде педагогтар оқушылардың формулаларды, ережелер, басқа да қажет ақпаратты жаттамай, оларды смартфонда сақтауына алаңдаулы. Себебі бұл үстірт қана білім алу деп есептейді. Білімнің үстірттігі мен тереңдіктің жетіспеуі – қауіпті құбылыс.

Дегенмен ересек өмірде барлық ақпаратты есте сақтау мүмкін емес, әсіресе кәсіби емес салаларда. Сондайда ақпаратты табу және оны дұрыс құрылымдау қабілеті әлдеқайда пайдалы.


Эмоционалдық ахуалға әсері

Цифрлық орта зейінді ұстап тұруға бағытталған. Әрбір лайк немесе хабарлама дофаминнің – ләззат алу гормонының бөлінуіне әкеледі. Адам телефонды неғұрлым жиі тексерсе, дофаминдік ілмек соғұрлым нығаяды.

Уақыт өте келе адамның мінез-құлқы есірткі тәуелділігіне ұқсас модельге көшеді. Қысқа ләззат толқындары болмаған кезде, мазасыздық пен ашушаңдық бой көтереді.


Ұйқы сапасына ықпалы

Экраннан шығатын көк жарық ұйқы гормоны – мелатониннің бөлінуін тежейді. Сондықтан түнгі уақытта, ұйықтар алдында телефон қарау жиі ұйқысыздыққа әкеледі.

Бұл тұжырымдар зерттеулерге негізделген, ғылыми деректер жеткілікті.


Қарым-қатынасқа кесірі

Цифрлық технологиялар қарым-қатынас мәдениетін де өзгертті. Адамдар бір-бірімен қарым-қатынас орнатады. Бірақ бұрынғыдай терең, шынайы байланыстар аз. Көбіне үстірт, эмоционалдық тереңдігі төмен болады.

«Цифрлық шамадан тыс жүктеме» бұл – жаңалықтар, чаттар мен бейнелер бір-біріне қабаттасып, адамды шаршатуы. Бұл күй қажу, ашушаңдық және өнімділіктің төмендеуіне әкеледі.


Жасанды интеллект

ЖИ – тағы бір сын-қатер. Бір жағынан, ақпаратты құрылымдауға, жауаптарды тез табуға, жаңа байланыстар орнатуға көмектеседі. Екінші жағынан – когнитивтік жеңілдету қаупін арттырады.

Қорытындылар сыни бағалаусыз қабылданып, адамдарда абстрактілі және жүйелі ойлау қабілеті шектеледі. Бұдан келіп мағынасыздық, ретсіздік пайда болады.

Психологияда, нақтырақ айтқанда психиатрияда, бұл құбылыс жеңіл психикалық субнормалдылық деп аталады. Адам күнделікті істерді атқара алады, бірақ тұтас көріністі көре алмайды, өйткені абстракция жасауға қабілетсіз.


Цифрлық технологиялар ақпаратты саналы қолданған жағдайда ми үшін «жау» емес. ЖИ көмегімен дайын шешімдерді іздеу мен жеке танымдық қабілеттерді дамытудың арасындағы тепе-теңдік — табыстың кілті. Технология — құрал, бірақ ойлаудың орнын баса алмайды.

Цифрлық гигиенаның негізгі шаралары:

  • ойын-сауық үшін экран алдында өткізетін уақытты шектеу;
  • тірі қарым-қатынас үшін гаджетсіз «детокс» кезеңдерін енгізу;
  • кешкі уақытта көк жарық сүзгілерін пайдалану;
  • сыни және абстрактілі ойлау дағдыларын дамыту.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Ақылды киім кептіргіштер – қыста ең жақсы көмекші