11 мамырдан бастап 42500 теңгеге өтініштер қабылданбайды

0
897

Әлеуметтік төлем үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 380 млрд теңге бөлінді.


11 мамырдан бастап 42500 теңгеге өтініштер қабылданбайды

ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкімет үйінің баспасөз орталығында өткен брифингте 42500 теңге алуға жаңа өтініштер қабылдау тоқтағанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.


«11 мамыр төтенше жағдай аяқталды. Сондықтанда 42500 теңге алуға жаңадан өтініштер қабылдауды тоқтатамыз. Бірақ 11 мамырға дейін өткізілген өтініштер міндетті түрде қаралып, ережеге сәйкес беріледі», – деді ол.


Министр төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғанына байланысты төлемді 4 млн 539 мың адам алғанын айтты.


«Оның ішінде 16 наурыздан 16 сәуірге дейін өтінішті өткізген күннен есептегенде 3 млн 735 мың адам әлеуметтік төлем алды. Осы адамдар екінші айға да 42500 теңге төлемдерін алуға құқылы. Ол төлемдер төлеуді біз мамыр айының басынан іске асыра бастадық. 5-6 мамырда 2 млн адамның өтінішін рәсімдеп, 99 млрд теңге банктерге аудардық», – деді Біржан Нұрымбетов.


Сонымен қатар Қаржы министрі Әлихан Смайылов 42500 теңгені төлеуге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 380 млрд теңге бөлінгенін айтты.