13 мыңнан астам педагог біліктілік арттыру курстарынан өтеді - министр

0
340

Білім беру жүйесін дамытудың Жол картасы жалпы 80-нен аса іс-шараны қамтиды.


13 мыңнан астам педагог біліктілік арттыру курстарынан өтеді - министр

ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрлігі мен Ұлытау облысының әкімдігі білім беру жүйесін дамытудың 2029 жылға дейінгі жол картасын қабылдады, деп жазады baq.kz.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мектепке дейінгі білім беруден техникалық және кәсіптік білімге дейінгі барлық негізгі бағыттар бойынша бірлескен құжат қабылдады.

Білім беру жүйесін дамытудың Жол картасы жалпы 80-нен аса іс-шараны қамтиды.

Ұлытау облысы әкімдігінің жоспары бойынша балабақшаларда мемлекеттік білім беру тапсырысы 4160-қа артады, яғни 2029 жылы 15 350 орын мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. 2029 жылы 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100% мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың 2 мыңға жуық педагогі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

Бүгін біз облыстың білім беру жүйесін дамыту бойынша бірлескен Жол картасын қабылдап жатырмыз. Білім беруді дамытуға бағытталған іс-шаралар Ұлытау облысын дамытудың кешенді жоспарына да енгізілген. Алдағы жылдары 4680 орынға арналған 9 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Сонымен қатар, 2 мектепке жапсарлас спорттық зал құрылысы салынатын болады. 111 мектеп жөндеуден өтіп, мектептерге 186 робототехника, химия, биология, физика, STEM пәндік кабинеттері сатып алынады. Өңірде педагогтердің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыру үшін «Ұстаз-Ұлытау» жобасы іске асырылуда, - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, мұндай кешенді шаралар өңірдегі білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді.

Жол картасына барлық мүдделі мемлекеттік органның қызметі жұмылдырылған. Жоспарланған іс-шаралар әрбір білім алушының сапалы білім алуы үшін жағдай жасауға бағытталатын болады. Құжат маңызды аспектілерді қамтиды – балалардың қауіпсіздігін, құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облыстың 13 мыңнан астам педагогі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді, 40 мектеп басшысы менеджмент бағыты бойынша оқытылады. Бұл шаралардың барлығы жаңа форматтағы педагогтер, яғни білім беру саласының көшбасшыларын даярлауға бағытталған, - деді Ғани Бейсембаев.

Басым міндеттердің бірі - инклюзивті білім беруді дамыту. Облыста ППТК-лар санын 3-ке арттыру, 71 инклюзияны қолдау кабинеттерін жабдықтау және аутизм орталығын ашу жоспарланған. 2025 жылы тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамтуды қамтамасыз ету үшін сұранысқа ие мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты 6010 орынға орналастыру жоспарлануда.

Өңірде ТжКБ-ның 1500-ге жуық педагогі курстардан өтіп, 45 колледж басшылары мен басшы орынбасарлары менеджмент бойынша біліктіліктерін арттырады. Сондай-ақ 3 балалар сауықтыру лагері, балалар шығармашылығы мен зияткерлік әлеуетін дамытуға арналған 6 ірі нысан құрылысы жоспарланған.