Бүгінгі таңда омикрон 60-қа жуық елде тіркелген, бұл бір айдың ішіндегі көрсеткіш.
ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі cанитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавирустың жаңа штамының пайда болу мерзіміне қатысты пікір білдірді, деп жазады Stan.kz.
"Бүгінгі таңда омикрон 60-қа жуық елде тіркелген, бұл бір айдың ішіндегі көрсеткіш. Бұл омикронның өте тез таралып жатқанын көрсетеді. Басқа штамдарды мысалға ала отырып, омикронның Қазақстанға келуі уақыт мәселесі деп айта аламыз. Штамның елге әкелінуіне жол бермеу үшін қолданып жатқан шаралар штамның келуін кешіктіріп жатыр", – деді Есмағамбетова.
Оның айтуынша, ғалымдарда омикрон штамы туралы сенімді деректер жеткіліксіз.
"Бүгінгі күні бізде омикрон туралы деректер өте аз. Тек басқа елдерден алынған деректер бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Бұл штам негізінен 18-39 жас аралығындағы адамдарға әсер етеді деген ақпарат бар. Сондықтан бұл вирустың жеңіл өтетінін көрсетуі мүмкін. Ол тез таралады, бірақ ауруханаға жатқызуды аз талап етеді және өлім-жітім саны төмен", – деп қосты Есмағамбетова.


