Әкімдіктегілер еңбекке жарамсыз зейнеткерлерді қарттар үйіне орналастыру балаларының келісімімен ғана мүмкін екенін түсіндірді.
ERNUR.KZ. Алматы облысының Жібек жолы ауылында зейнеткерлер қиын жағдайда қалып отыр. Жантүршігерлік оқиғаны қарт ерлі-зайыптының көршілері видеоға түсіріп көрсетті, деп жазады tengrinews.kz.
"Мен қарттар үйіне барғым келеді, 20 күн бойы тамақ ішкен жоқпыз", - дейді қарт әйел видеода.
"Таңертеңгі сағат 7:30-дан бастап көршілеріміз айғайлап, көмек сұрай бастайды. Олардың жағдайы өте қиын, тіпті жуынуға да шамасы жоқ. Біз ең жақын көршіміз, қолдан келгенше көмектесеміз. Бірақ бізде де жұмыс бар, оларды үнемі қарай алмаймыз", – дейді ауыл тұрғыны Гүлнұр Қысықпасова.
Телеарна тілшілері Жібек жолы ауылына келіп, зейнеткерлердің өмір сүру жағдайын көрмек болған. Алайда қарттардың балалары журналистерді кіргізбеген.
Қарт ерлі-зайыптының ұлы Мәлік Байсамбеков әпкесі екеуі ата-анасына қарап, олардың барлық қажеттілігін қамтамасыз ететініне сендірді.
"Әпкем екеуміз үнемі қарап отырамыз. Атырауда болғаныма небәрі 15 күн болды. Әпкем үйде қалды, біраз уақыт далаға шыққанда көршілер бұл видеоны түсіріп алыпты. Бейнежазбаны таратқаны үшін шағым түсіреміз", - деді Байсамбеков.
Шенеуніктер мұқтаж жандарға қолдан келген көмек көрсетілді деп сендірді.
"Көршілері келіп, ата мен әже аш жатқанын айтты. Біз тамақтан көмек ұйымдастырдық. Оларға апта сайын медбике келіп тұрады. Әзірге қолымыздан келгені осы", - дейді Жібек жолы ауылдық округінің әкімі орынбасары Дәулетжан Деменбаев.
Оның айтуынша, қария әбден ашығып ауруханаға түскен. Әкімдіктегілер еңбекке жарамсыз зейнеткерлерді қарттар үйіне орналастыру балаларының келісімімен ғана мүмкін екенін түсіндірді. Олар рұқсат беруден үзілді-кесілді бас тартып, қарттарға тиісті күтімді өздері қамтамасыз ететініне сендіреді.