2024-2025 оқу жылында 6 мыңға жуық студент омбудсменнің көмегіне жүгінді

0
78

2024–2025 оқу жылында Қазақстан студенттерінің Альянсы мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жастар саясатын жүзеге асыруда өзара нәтижелі әріптестіктің үлгісін көрсетті.


2024-2025 оқу жылында 6 мыңға жуық студент омбудсменнің көмегіне жүгінді

ERNUR.KZ. Екі құрылым жастардың білім, құқық, кәсіби бағдар және қоғамдық белсенділік салаларындағы сұранысына жауап беретін кешенді бастамаларды іске асырды. Бұл туралы Республикалық студенттік омбудсмен Ұлан Наукен ОКҚ алаңында хабарлады.

Қазақстан студенттерінің Альянсы «Study in Kazakhstan» көрмесінің өту барысына белсенді атсалысып, жастармен тиімді байланыс орнату, ақпараттық қолдау көрсету және кәсіби бағдар беруді кеңінен насихаттау бағытында нақты жұмыстар атқарды. Альянс өкілдері көрменің ұйымдастырушылары қатарында болып, оқу орындарындағы студенттік ұйымдарды көрме жұмыстарына жұмылдырып, волонтерлік қолдау көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан студенттерінің Альянсы елдегі студенттік ортаның өзекті мәселелеріне жедел ден қойып, Студенттік омбудсмендер институты арқылы жастардың құқықтарын қорғау, академиялық әділеттілікті қамтамасыз ету және оқу үдерісіндегі ашықтық пен әділдік қағидаттарын ілгерілету бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс атқарды.

Оның айтуынша, оқу жылы ішінде 6 мыңға жуық студент нақты өтінішпен жүгінген болса, олардың басым бөлігі жедел қаралып, тиісті оқу орындарының әкімшілігі мен жауапты мекемелерге жеткізіліп, нақты шешімдер қабылданды.

«Өтініштер негізінен бағалауда әділетсіздік, оқытушы тарапынан орын алатын қысым мен қудалау, жатақханадағы тұрмыстық мәселелер, студенттердің іс-шараларға мәжбүрлі қатысуы, сондай-ақ студенттік пікірдің ескерілмеуі секілді факторларды қамтиды. Әрбір жағдайға бейтараптық пен құпиялылық қағидасын сақтай отырып араласқан омбудсмендер екі тараптың уәжін тыңдап, диалог пен келісім негізінде шешім қабылдау тетігін қолданды. Институт тек өтініштерді қабылдаумен шектелмей, өңірлік мониторинг, студенттермен тікелей кездесу, ақпараттық түсіндіру сессияларын ұйымдастыру, сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша тренингтер өткізу арқылы да кешенді қызмет атқарды. Нәтижесінде, көптеген жоғары оқу орындарында студенттердің құқықтары мен мүдделері сақталып, білім беру үдерісінде әділеттілік деңгейі артты», – деді спикер.

Альянс жастардың көшбасшылық әлеуетін арттыру және азаматтық белсенділігін дамыту мақсатында бірқатар ірі жобаны жүйелі түрде жүзеге асырды. Олардың қатарында «JAS POWER» азаматтық-патриоттық тәрбие жобасы ерекше орын алады. Бұл бастама жастарды елдік сананы ұлықтауға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, волонтерлік және қоғамдық бастамаларға белсенді араласуға баулуды мақсат етті.

Сонымен қатар студенттік өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуға бағытталған «STUDUNION» жобасы арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында студенттердің өкілдік институттары дамып, жастардың басқару процестеріне нақты араласу мүмкіндігі кеңейтілді. Ал, қыздар көшбасшылығын дамытуға арналған «JAÑA DÄUIR ARUY» республикалық студент қыздар шақырылымы — ел көлемінде тұңғыш рет ұйымдастырылған бастама ретінде танылды. Аталған жобалар жастардың тек қоғамдық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың ел болашағына деген азаматтық жауапкершілігін, көшбасшылық қабілеттерін және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға деген дайындығын нығайтты.