Олар – марқұммен бір пәтерде тұрған.
Ulysmedia коллажы
ERNUR.KZ. Ыстамбұлда 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың өліміне байланысты ұсталған екі адам босатылды. Олар – марқұммен бір пәтерде тұрған 22 жастағы Ресей азаматы Дария Б. және қыздың 35 жастағы сүйіктісі Мазхар Т. Сот оларға Түркиядан шығуға тыйым салды, деп жазады ulysmedia.kz.
Сот қандай шешім шығарды
Дария Б. мен Мазхар Т. прокуратураның нұсқауымен ұсталған. Полицияда жауап алынғаннан кейін екеуі де сотқа жеткізілген. Сот оларды елден шығуға тыйым салу түріндегі бақылау шарасымен босатқан. Бұл туралы Түркияның DHA агенттігі хабарлады.
Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Марқұмның соңғы сәттері камераға түсіп қалған
Түркиялық БАҚ қыздың өліміне аз уақыт қалғанда түсірілген бейнебақылау камераларының жазбаларын жариялады. Кадрлардан Айсұлудың сүйіктісінің үйіне кіріп, біраз уақыттан кейін сыртқа шыққаны, көшеде жүріп, кейін өз үйіне оралғаны көрінеді.
Мазхар Т. полицияға дүкен иесі екенін айтқан. Оның сөзінше, Айсұлу таңғы сағат 05:30 шамасында үйіне келіп, 07:40 шамасында кеткен. Сондай-ақ ол қыздың түнгі клубта жұмыс істейтінін білгенін мәлімдеген.
Айсұлу мен Дария Түркияға 8 қыркүйекте туристік визамен бірге келген. Екеуі бір пәтерде тұрған.
Контекст
Бұған дейін Ыстамбұлда «Социалистік әйелдер кеңестері» ұйымының мүшелері қазақстандық қыз қаза тапқан көшеде наразылық акциясын өткізген. Олар «Бұл суицид емес, кісі өлтіру» деген ұран көтеріп, қыздың өлімін жан-жақты тергеуді талап етті.
Айсұлу 25 қазан күні таңертең көз жұмған. Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, ол алтыншы қабаттағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өткен. Алайда астындағы шатыр панелі сынып, қыз құлап кеткен.


