2026–2027 оқу жылында мектептерде жаңа курс жүргізіледі

0
102

Курс бағдарламасы оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген және практикалық сабақтарға негізделген.


2026–2027 оқу жылында мектептерде жаңа курс жүргізіледі

Фото: Kazinform/ЖИ

ERNUR.KZ. 2026-2027 оқу жылынан бастап еліміздің орта білім беру ұйымдарында 5-11 сынып оқушыларына арналған «Жеке қауіпсіздік» курсы жүргізіліп жатыр, деп жазады inform.kz.

Оның негізгі мақсаты — балалардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, түрлі қауіп-қатерді дұрыс бағалауға, саналы шешім қабылдауға және қажет жағдайда ересектерден дер кезінде көмек сұрауға үйрету.

Курс бағдарламасы оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген және практикалық сабақтарға негізделген. Оқушылар өмірде кездесетін түрлі жағдайларды талдап, рөлдік ойындар мен арнайы жаттығулар арқылы қауіпсіз әрекет ету және өз эмоцияларын басқару дағдыларын меңгереді.

— 5-8 сынып оқушылары үшін жылына 8 сағат, ал 9-11 сынып оқушылары үшін 17 сағат қарастырылған. Бағдарлама практикалық және диагностикалық сабақтарды қамтиды. Жоғары сынып оқушылары үшін қосымша түзете-дамыту бағытындағы сабақтар өткізіледі, — делінген министрлік хабарламасында.

Курс аясында оқушылардың психологиялық жағдайын анықтауға бағытталған диагностика жүргізіледі. Оның нәтижелері әр баланың жеке қажеттіліктерін ескеруге және тиісті қолдау жұмыстарын жоспарлауға мүмкіндік береді.

Диагностика қорытындылары оқушыларға баға қою немесе оларды қандай да бір санаттарға бөлу үшін қолданылмайды.

Сабақтарды білім беру ұйымдарының штаттық педагог-психологтары жүргізеді. Курстың басты нәтижесі оқушылардың алған білімдері мен қауіпсіздік дағдыларын күнделікті өмірде тиімді қолдана білуімен бағаланады.