2026 жылдан бастап мотор майлары да таңбаланады: Салдарынан тауар қымбаттауы мүмкін

0
144

Келер жылы мотор майлары да таңбалана бастайды.


2026 жылдан бастап мотор майлары да таңбаланады: Салдарынан тауар қымбаттауы мүмкін

Фото: liga-m.pro

ERNUR.KZ. Елімізде 1 қаңтардан бастап мотор майлары қымбаттауы мүмкін. Өйткені өндірушілер тауарын таңбалауға міндеттелгелі отыр. Демек отандық өнімнің де, импорттықтың да құны көтерілуі ықтимал. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешіміне сәйкес, қызыл және қара уылдырық, антисептиктер мен велосипедтер де таңбаланбақ, деп жазады stan.kz.

Келер жылы мотор майлары да таңбалана бастайды. Сәйкес көлік қозғалтқышына қажет тауар құны өсуі мүмкін. Мәселен, Әділбек Кенжеғұловтың айтуынша, таңбалау міндеттелсе, әсіресе, импорттық өнім бағасы көтерілуі ықтимал.

“Қазақстанға бөлек істетуі мүмкін. Бөлек жапсырма істеуі мүкмін. Өйткені көп дистрибьюторлер бүкіл ТМД-ға болады. Бір ғана дистрибьютор. Сол кезде әсер етеді ме деп ойлаймын. Өйткені бүкіл конвейерді тоқтатады. Сол жағынан қымбат деп ойлаймын”, – деді кәсіпкер.

Бірақ тауардың таңбалануы ресми дилерлер үшін тиімді, дейді кәсіпкер. Себебі ел аумағына көлеңкелі жолмен кіргізілетін өнім азаяды. Сәйкесінше, нарықтағы май бағасы да бір қалыпқа түседі. Ал астаналықтар таңбалау сапа көрсеткіші болса, қарсылық жоқ деп отыр.

Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері бұл шешім Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысында қабылданғанын айтты. Демек алдағы уақытта мотор майларынан бөлек, қызыл және қара уылдырық, антисептиктер мен велосипедтер де таңбаланады.

“Пилоттық жоба өткізгенбіз. Пилоттық жоба өте сәтті өтті. Қазір оның тарифін де бекіткенбіз. 2026 жылдың 1 қаңтары деп жоспарлап отырмыз. Үкіметтің қойған талабы бойынша біз сол уақытқа дейін үлгеруіміз керек. Өз тарапымыздан дайынбыз”, – деді цифрлық транформациялау және тауарларды таңбалау департаменті басшысының орынбасары Әсет Өтеғалиев.

Шенеунік қандай да бір тауарды таңбалауды әр мемлекет ішкі тәртібіне қарай енгізеді деді. Яғни қарсы шығуға да болады. Бірақ ол отандық өндірушілер үшін тиімсіз. Өйткені одаққа мүше өзге мемлекеттер маркировканы міндеттесе, таңбаланбаған тауарға талап қатаңдайды. Демек отандық өндіріс бәсекеден жеңіледі. Айта кетейік, қазір Қазақстанда аяқкиім, дәрі-дәрмек және басқа да бірқатар тауарлар таңбаланады.