Ағымдағы жылдың 5 айында азық-түлік өндірісі 10,5%-ға өсіп, 1,4 трлн теңгені құрады.
ERNUR.KZ. Өндірістің өсуі байқалады. Мәселен, қызылша қант 13,7 есе, өсімдік майы 19,1%-ға, сары май 12,7%-ға, шұжық өнімдері 11%-ға, ұн 6,6%-ға, ашытылған сүт өнімдері 4,3%-ға, өңделген сүт 4%-ға, ІҚМ, ұсақ мал еті 1,4%-ға артқан. Бұл туралы ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков ОКҚ баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, жалпы, қайта өңдеу саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде ет, сүт, күріш, жүгері, күнбағыс, қарақұмық сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу және тамақ өнімдерін өндіру көлемін 2028 жылға 4,5 трлн-ға теңге дейін ұлғайту жоспарда бар.
«Біз азық-түлік тауарларымен өзімізді іс жүзінде толық қамтамасыз етіп отырмыз – негізгі тауар санаттары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 80%-дан 100%-ға және одан да жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, ұн ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті көлемде өндіріледі. 2024 жылы АӨК-те қайта өңделген өнімнің үлесін арттыруға бағытталған 2024–2028 жылдарға арналған Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Осылайша, өткен жылдан бастап алғаш рет қайта өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру іске қосылды. Былтыр осы бағытқа 35 млрд теңге қаражат бөлінді. Ағымдағы жылдың жоспары бойынша 40 млрд теңгеден астам қаражат бөлінетін болады», – деді спикер.
Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 83 сүт-тауар фермасы қаржыландырылып, оның 47-сі іске қосылды. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша өндірісте оң динамика байқалады. Мәселен, құс еті өндірісі 358,7 мың тоннаны құрап, 6,8%-ға артты. Шұжық өнімдері өндірісі 4,8%-ға өсіп, 71,9 мың тоннаны құрады. Балық және балық өнімдері 65,2 мың тонна көлемінде өндірілді, бұл 2023 жылғы деңгейден 9,5%-ға артты. Сыр мен ірімшік өндірісі 48,2 мың тоннаны құрап, бір жыл ішінде 7,4%-ға өсті.