2030 жылға қарай суармалы жерлердің 70%-ы су үнемдейтін суару технологияларымен қамтылады

0
91

Бүгінде суармалы егіншілікте заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше назар аударылады.


2030 жылға қарай суармалы жерлердің 70%-ы су үнемдейтін суару технологияларымен қамтылады

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы саласы су ресурстарының ең ірі тұтынушысы болып табылады – жалпы су тұтынудың шамамен 65%-ын құрайды. Суарудағы су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелерін кешенді шешу мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігіне АШМ-нің шаруаларға суармалы су қызметтерінің құнын, сондай-ақ суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған шығыстардың бір бөлігін субсидиялау жөніндегі функциялары берілді. Бұл туралы Жерасты сулары департаментінің директоры Жайық Ерікұлы ОКҚ алаңында хабарлады.

2024 жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді су үнемдейтін суару технологияларына көшуге ынталандыру үшін негіз қаланды. Осылайша, инфрақұрылымды жүргізу кезінде ұңғымаларды бұрғылауға, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға фермерлердің шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Тариф құнына байланысты субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді.

«Қабылданған шаралар су үнемдейтін суару технологияларын қолдана отырып, аумақты 2023 жылғы 312,2 мың гектардан ағымдағы жылы шамамен 500 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді, бұл суармалы жерлердің жалпы көлемінің 30%-ын құрайды. Ал, 2030 жылға қарай суармалы жерлердің жалпы көлемінің 1,3 млн гектарын немесе 70%-ын су үнемдейтін суару технологияларымен қамту жоспарлануда», – деді спикер.

Суды үнемдеу жұмыстары өнеркәсіптік кәсіпорындарды да қамтиды. Мәселен, Су кодексінде 7 жыл ішінде (2 жыл өтпелі кезең, 5 жыл жоспарды іске асыру мерзімі) айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін міндетті талап көзделген. Бұл шара 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін ағымдағы 13,1%-дан 28%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Су пайдаланушылар іс-шаралар жоспарларын орындамаған кезде су пайдаланудың рұқсат етілген көлемін қысқартуды, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындардың ауысу жоспарларының нысандары мен мазмұнын регламенттейтін нормативтік-құқықтық актілер қосымша қабылданады.

Осы шаралар шеңберінде Министрлік Су кодексінің нормаларын және суды қайта және айналымда пайдалануға көшу бөлігінде нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіру мақсатында өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдерімен кездесулер кестесін бекітті.

Суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру және халық арасында су үнемдеу мәдениетін насихаттау жұмыстары жалғасуда. Министрлік қызметкерлері Қазақстан мектептеріндегі оқушылармен «Суды үнемде – болашақты сақта» атты ауқымды жоба бойынша су үнемдеу тақырыбында жалпы республикалық ашық сабақ аясында 2 млн адамды қамтыған мектеп оқушыларымен кездесулер өткізді.

Су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру бойынша іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады және жаңа оқу жылында колледж оқушылары мен ЖОО студенттерін акциямен қамту жоспарда бар. Сондай-ақ су үнемдеу жөніндегі жол картасы шеңберінде келесі жылы әлеуметтік желілер арқылы үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, орта және жоғары оқу орындарында су үнемдеу мәдениетін дәріптеу жөніндегі іс-шаралар жоспарланған.