Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында отбасылардың әл-ауқатын анықтауда скорингтік модельді пайдалана отырып, мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау бойынша пилоттық жобаны іске асыру жалғасуда.
ERNUR.KZ. Қазіргі уақытта 4 мемлекеттік қызмет толығымен енгізілді, 26,1 мың өтініш берушіге қосымша қолдау шаралары көрсетілді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Қазіргі уақытта «Тұрғын үй көмегін тағайындау», «Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау» және «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» сияқты үш қызметті тағайындау кезінде пилоттық аймақтарда скорингтік модель қолданылады.
Пилоттық жоба аясында тұрғын үй көмегі түріндегі қолдауға 1215 адам өтініш білдіріп, барлық өтініштер қанағаттандырылды.
Жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауға 1268 өтініш түсті. Скорингтік модель бойынша оларды қарау нәтижесінде 484 отбасының әл-ауқатының жоғары деңгейі анықталды.
«Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» қызметіне өтініштер ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қабылдана бастады. Барлығы 1256 өтініш түсіп, ұпай саны бойынша оның 32-сі әл-ауқаты бойынша 6-санатқа жататын отбасылардан екені анықталды.
«Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» қызметіне алғашқы өтініштер оқу жылының басында түсті. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1256 өтініш қабылданды, оның ішінде скоринг қорытындысы бойынша 32 өтініш әл-ауқат деңгейін бағалау бойынша 6-санаттағы отбасылар қатарынан танылды.
Сонымен қатар Шымкент қаласы мен Қарағанды облысы мектептерінің әлеуметтік педагогтары үшін «Білім беру ұйымдарының студенттері мен тәрбиеленушілеріне қаржылық және материалдық көмек көрсету» қызметіне өтініштерді қабылдау кезінде отбасылардың әл-ауқатының деңгейін тексеру функционалдығы енгізілді.
Скорингтік модельге қолжетімділікті қамтамасыз ететін платформаны 317 мектеп (Қарағанды облысы – 202, Шымкент қаласы – 115) пайдаланады. Аталған білім беру ұйымдарының әлеуметтік педагогтары 22382 өтінішті қарады, оның ішінде балл жинау нәтижесі бойынша 74-і тұрмысы жоғары отбасылардан (Қарағанды облысы – 16, Шымкент қаласы – 58) болды.
Пилоттық жоба аясында жергілікті атқарушы органдар тарапынан әл-ауқатының жоғары деңгейіне (6-санат) жатқызылған отбасылар қосымша қолдау шараларына мұқтаж емес екені анықталды.
Бұған дейін алты мемлекеттік орган (ҚР ҒЖБМ, ҚР ОМ, ҚР ТСМ, ҚР ӨҚМ, ҚР ЖИЦДМ және ҚР ЕХӘҚМ) отбасының әл-ауқатының деңгейін анықтаудың скорингтік моделін пайдалана отырып, Бірыңғай цифрлық платформа арқылы білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары және дене шынықтыру салаларында мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы бірлескен бұйрыққа қол қойған болатын.
Отбасының әл-ауқатын анықтаудың скорингтік моделі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерийлерге негізделген. Қосымша қолдау шараларына өтініш білдірген барлық отбасылар 6 санатқа жіктеледі – аса қажеттіліктен (азық-түлікке қаражаттың болмауы) жоғары әл-ауқатқа дейін (материалдық қиындықтар жоқ). Шешім Отбасының цифрлық картасы арқылы жиналған объективті деректер негізінде автоматты түрде қабылданады.
Көмек барлығына бірдей емес, қажеттілігіне қарай көрсетіледі. Материалдық көрсеткіш ретінде: табыс, мүлік, көлік, несиелердің болуы; және материалдық емес (денсаулық, мүгедектік, білім деңгейі), сондай-ақ тәуелділік ауыртпалығы және жасырын табыстың болуы, мысалы, бейресми жұмыс есепке алынады
2 және одан да көп тұрғын үйі, 2 және одан да көп көлік құралының болуы, заңды тұлға ретінде тіркелуі (ЖК, ЖШС) және бір отбасы мүшесіне шаққандағы айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 4 деңгейінен асатын үй қожалығы – әл-ауқат деңгейі жоғары 6-санатқа жатқызылады. Мұндай отбасылар жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын қосымша әлеуметтік қолдау шараларын алушылардың қатарынан шығарылады.
1-5 санатқа жатқызылған отбасыларды қолдау шараларын тағайындау автоматты түрде жүзеге асырылады.
Скорингтік модельді енгізу республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдерге (барлығы 41 түріне) әсер етпейтінін ерекше атап өткен жөн. Базалық және ынтымақты зейнетақылар, жүктілігі және бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейінгі жәрдемақылар, көпбалалы аналарға және марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы, мүгедектік бойынша және мүгедектігі бар күтімі бойынша жәрдемақылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік және басқа да жәрдемақы түрлері өзгеріссіз төленетін болады.
Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға арналған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің 5 түрі бірдей көлемде сақталады.