Іссапар мен курорттық демалыстарды жоспарламас бұрын, Әділет министрілігінің ақпараттық базасынан борышкерлер тізімінде бар-жоғыңызды бір тексеріп алу керек.
ERNUR.KZ. Елде 42 мыңға жуық адамның шетелге шығуына уақытша тыйым салынған. Себебі олардың мемлекет алдындағы берешегі 40 айлық есептік көрсеткіштен асып кеткен, деп жазады 24.kz.
Қазір жаздың қызған шағы. Көбі еңбек демалысына шығып, шетелді аралауды армандайды. Алайда алдымен әділет министрілігінің ақпараттық базасынан борышкерлер тізімінде бар-жоғыңызды бір тексеріп алу керек секілді.
Қазіргі заңнамаға сәйкес, егер қарыз көлемі 40 айлық есептік көрсеткіштен асса, бұл шамамен 116 мың 680 теңге, азаматтың елден ұзап шығуына шектеу қойылады. Мұндай тыйым борышкер сот шешімін аяқасты етсе, салынады. Сондай-ақ ай сайынғы төлемді кейінгі 90 күн ішінде мүлде төлемей қойған жағдайда осындай шара қолданылады.
Сондықтан іссапар мен курорттық демалыстарды жоспарламас бұрын, Әділет министрілігінің ақпараттық базасынан борышкерлер тізімінде бар-жоғыңызды бір тексеріп алу артық етпейді дейді мамандар. Сонымен қатар берешекті жолға шығар алдында емес, ең абзалы 10-15 күн бұрын төлеген жөн. Қарызды төлегеніңізді растайтын түбіртектен бөлек, сот орындаушысын да хабардар етуді ұмытпағайсыз. Ал сот орындаушысы өз кезегінде сізге шет елге шығуға тыйым салынғанын 5 күн ішінде айтуы тиіс.