54 киіктің еті мен 224 мүйіз: Аударылған көлікті тастай қашқан браконьерлер іздестіріліп жатыр

0
1 070

Киіктерді әбден дайындалған әрі кәсіби браконьерлер аулаған.


54 киіктің еті мен 224 мүйіз: Аударылған көлікті тастай қашқан браконьерлер іздестіріліп жатыр

ERNUR.KZ. Қызылорда облысының құқық қорғаушылары аударылған автокөлігін тастай қашқан браконьерлерді іздестіріп жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.

«2020 жылдың 11 сәуірінде сағат 10.00 шамасында рейд жүргізіп жүрген инспекторлар Қызылорда облысының Досан ауылының маңында қаладағы блок-постты айналып кетіп бара жатқан Тойота Ленд Крузер маркалы екі көлікті байқап қалған. Автокөліктердің жүргізушілері «Охотзоопром» қызметкерлерін байқап қалғаннан кейін күріш егілген даламен із суытып кетпек болған. Қуғын кезінде көліктердің бірі аударылып қалғанымен ондағылар екінші көлікке мініп алып, қашып кеткен», - дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.

Аударылып қалған автокөлікті тексеру кезінде бірнеше 54 киіктің тұтас еті мен 224 мүйіз, МР-153 маркалы аңшы қаруы, 25 патрон мен пышақ, дүрбі табылған.

«Автокөлік аңшылық үшін арнайы жабдықталған болып шықты. Ішінен орындықтың бәрі алыгып тасталып, салон пластик пакетпен оралған. Автокөлікке тағылған нөмір есептен баяғыда-ақ шығып қалған көліктікі екені анықталды. Киіктерді әбден дайындалған әрі кәсіби браконьерлер аулаған», - дейді ол.

Қазіргі уақытта Қызылорда облысының полиция департаменті жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.