Ол алкоголь өнімін заңсыз сатып алып, лицензиясыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.
ERNUR.KZ. Қостанай қаласының тұрғыны 2,77 тонна арақ және 200 литр спиртті заңсыз сатпақ болған, деп жазады ҚазАқпарат.
Комитеттің Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері алкоголь өнімін заңсыз тасымалдау және сату дерегін анықтады.
«Тергеу барысында Қостанай қаласының тұрғыны алкоголь өнімін заңсыз сатып алып, лицензиясыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқандығы анықталды. Аталмыш азамат автокөліктерге жанармай құю станциясы маңында «Mercedes-Bens Sprinter» автокөлігінде Тобыл қаласында сатып алған бес литрлік бөтелкелерде 2 770 литр көлемінде (554 құты) ішімдік және 200 литр спирт сақтап, тасымалдаған», делінген хабарламда.
Қостанай қалалық сотының үкімімен оған Қылмыстық кодекстің 214-бабы 1-бөлігімен қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 1 000 АЕК (2 778 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.