Ол 2000 жылдардың басында 1975 жылғы үлгідегі паспортын жоғалтып алған.
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны 60 жасқа келгенде алғаш рет жеке куәлік алды, деп жазады ҚазАқпарат.
Сотталған А. 2019 жылдан бері ауыр қылмыс жасағаны үшін Глубокое ауданының пробация қызметінің есебінде тұр.
2019 жылы әйелін ұрып, денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін 4 жылға бас бостандығы шектелген.
«Осы уақытқа дейін 60 жастағы сотталғанда туу туралы куәлік пен әскери билеттен басқа, оның жеке басын куәландыратын құжат болған жоқ, өйткені ол 2000 жылдардың басында 1975 жылғы үлгідегі паспортын жоғалтып алған. 2020 жылдың маусым айында А. пробация қызметіне жүгініп, құжат алуға көмек сұрады. Пробация қызметкерлері сотталушының 1993 жылдан 2003 жылға дейін Ресей Федерациясында тұрғанын анықтады. Осыған байланысты ол Ресей консулдығынан Ресей азаматтығының бар-жоғы туралы анықтама ұсынуға тиіс болды»,- дейді ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы, полиция полковнигі Жанболат Кәлетаев.
Алайда анықтама алу үшін 70 000 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу қажет еді. Онда ондай ақша жоқ.
«Пробация қызметкерлері «Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюросы» филиалының қызметкерлерімен байланыс орнатты, олар мемлекеттік баж салығын төлеуге көмектесті. Алайда, короновирус инфекциясына байланысты анықтама беру және алу процесі өткен жылдың қарашасына дейін созылды. Сотталушы А-дан Ресей азаматтығының жоқтығы туралы анықтама алған кезде одан әрі құжаттар №5 нысандағы анықтаманы алу үшін көші-қон қызметі арқылы жіберілді. Осыдан кейін 2020 жылдың желтоқсан айының соңында сотталушының құжаттары жеке куәлікті ресімдеуге жіберілді», - деп түйіндеді Джанболат Кәлетаев.
«Маған жеке куәлік берілді, өте қуаныштымын. Енді ресми түрде жұмысқа орналассам да болады, зейнетақы ала аламын. Мен енді емханаға тіркеуге тұрамын, бұрын ЖСН болмағандықтан тіркеле алмадым», - дейді сотталушы.