75 жастағы әже жасөспірімдерге жыныстық сауаттылықты үйретіп жүр

0
1 915

Қазақстандық модель әже жасөспірімдерге жыныстық сауаттылық жайында дәріс өткізеді.


75 жастағы әже жасөспірімдерге жыныстық сауаттылықты үйретіп жүр

ERNUR.KZ. Коуч-тренер, модель әже Раиса Сандульсакая немере-шөбереге ертегі оқымайды. Оның орнына жыныстық сауаттылық туралы айтып сырласады, деп жазады stan.kz.

Жеке басының саулығын сақтап, өзін баптап жүрген әжей күнделікті жаттығу жасайды. Спортпен, йогамен айналысады. Заманауи әженің бұл әрекетін құптайтындар да, даттайтындар да бар.

Қазақстандық модель әже Раиса Сандульсакая біршама елге саяхат жасап, психология мен өзін-өзі дамытуға ден қойып, рухани кемелдену жолында жүр. Білген-түйгенін арнайы тренингтер арқылы өзгелерге үйретеді.

Дәрігерлікті бизнеске ауыстырған соң рэкеттердің де қолына түскен екен. Кезінде кәсібін дөңгелеткен әжей бүгін қартайдым деп отырған жоқ. Пәтерде жалғыз тұрса да, жалғызсырап отырмайды.

"Мен күнделікті жаттығу жасаймын. Шынығамын. Тренингтер өткіземін. Жақсы көйлектер аламын. Әдемі болып жүргенді ұнатамын. Немерелеріммен ашық сөйесемін. Жастарға дәріс жүргіземін. Мәселен, 18 жасқа толған немерелеріме қызбен қалай қатынас жасау керек екенін айтамын. Мүшеқапты қолдану керек екенін, оны қалай қолдану керек екенін үйретемін. Әр істе жауапкершілік сезіну керек екенін айтамын. Мен айтпасам, жастарға кім үйретеді? Қыздарға аналарың секілді қараңдар, сыйлаңдар деймін. Қыз баласының тағдырын құртуға болмайды деймін. Бұл ғана емес, басқа да ашық тақырыптарда сабақ айтамын", - дейді заманауи әжей.

Раиса Сандульсакая кәсіпкерлік, жыныстық сауаттылық басқа да тақырыптарда тренингтер жүргізеді. Дәрісіне жастар да, ересектер де қатысады. Тіпті, өзіне сөз салушылардың көп екенін жасырмайды.

"Жасым 75-те. Менің сымбатыма, сұлулығыма қарап сөз айтатындар да көп. 88 елде болдым. Мен заман ағымынан қалғым келмейді. Адамдарға қызықты болғым келеді. Мен қызық болғандықтан келушілер көп. Сондықтан қазіргі желіні жақсы білемін. Жазба жариялаймын. Сол арқылы ақша табамын", - деді әжей.

Халық әртісі Майра Ілиясова бұл әжейдің әрекетін қолдаған жоқ.

"Мен қазақ ата-әжелерінң мұндай іспен айналысқанын қаламас едім. Қазір дамыған заман. Бала 18 жаста бәрін біледі. Бұрынғыдай емес, теледидар бар, ғаламтор бар, телефон бар. 5-6 сынып оқушыларына үйретуге болады. Онда да ата-әжелері емес. Арнайы сабақ өтсе, ұстаздар, мамандар арқылы үйретсе деймін. Ал ата мен әженің немересіне төсек қатынасы жайлы айтқаны бізге жат", - деді әнші.

Психолог Ержан Мырзабаев қоғамда ата-әженің рөлі жыныстық сауаттылық жайында үйрету емес дейді.

"Ата-әже жыныстық сауаттылық жайлы айтатын адам емес. Әке-шеше бар, жеңге бар, мұғалімдер бар. Бұл тақырыпта ата-әженің әңгіме айтуына қарсымын. Ата-әжесі төсек қатынасы жайлы айтса, ол бала ертең ата-анасының көзінше төсек қатынасына түседі. Ата-әже өз беделін түсірмеу керек", - деді ол.

Заманауи әжейдің жас көрінуіне ешкім қарсы емес. Спортпен айналысқанын, өзін күткенін қолдайды. Алайда ашық-шашық киінгенін, төсек жайлы әңгіме айтқанын қабылдай алмай жатады. Дегенмен дәрісіне келушілердің көптігіне қарағанда оны қолдайтындар саны да көп.

"Менде мұндай әке, мұндай әже жоқ. Мен мүлде қабылдай алмайды екенмін. 70-тен асқан әженің бұтын жалаңаштап, немереге төсек туралы айтып отырғаны мен үшін қасірет. Мұндай әже жастарға не үйретеді? Өзі секілді болуды үйрете ме? Мен бұған қарсымын", - деді ұлттық салт-дәстүр жанашыры Бақытбол Берімбай.

Ал қалалық әже Роза Шаймарданқызы замандасының әрекетін түбегейлі жоққа шығаруға болмайды дейді.

"Ол біріншіден ақша тауып отыр. Екіншіден денсаулық күтіміне қарайды. Денсаулықты сақтау, спортпен айналысу жайында айтады. Қазақы дәстүрді айтады. Немересіне төсек жайлы айтқаны дұрыс емес шығар. Бірақ басқа сабақтарына қарсы келуге болмайды. Бәрі әдемі болғысы келеді. Әдемі болуды үйрету жат емес",- дейді Роза Шаймарданқызы.