«Ақылды жылыжай» жасап шығарған Роман Пятак 1-орын иегері атанды
фото:pavlodarnews.kz
ERNUR.KZ. Павлодар қаласында өткен облыстық «Ұлы өнертабысқа бірінші қадам» атты техникалық жобаларды құрастыру байқауында «Ақылды жылыжай» жасап шығарған Роман Пятак 1-орын иегері атанды, деп жазады pavlodarnews.kz.
Ертіс ауданы №4 мектебінің 8-сынып оқушысы «Ақылды жылыжайдың» автоматты түрде суарылып, жарықтандырылып, жылынатынын атап өтті.
Жоба арқылы жылыжайға жұмсалатын адам күшін азайтуға болады, - деді Роман Пятак.
Тек тоқ көзіне қосып қана жүре берсең болады. Жұмысты өзі атқарады. Өсімдікті күндіз суаруға болмайды. Ол зиянды болып табылады. Сондықтын «ФБ 2М» фотоблок құрылғысы арқылы қараңғы түскен сәтте автоматты түрде жарық қосылады. Ал, жарықпен бірге тамшылап суару құбырлары жұмысын бастайды. Алайда, жарық таң атқанша жанып тұрғанымен, арнайы уақыт есептегіш құрылғысы арқылы суару тоқтатылады. Менің жобамда суару 10 секундқа жалғасады. Сонымен қатар, жылыжай ішінде тұрақты температура сақталады. Бақылау құрылғысы арқылы температура түсе бастаған сәтте жылытқыш қосылып, ауаны қалыпқа келтіреді.
Жас өнертапқыш көктемде «Ақылды жылыжайда» шалғам өсіп шыққанын айтады.
Жылыжайды құрастыруды бір жыл бұрын бастаған болатынмын, - деді Роман Пятак.
Толық аяқтауға екі ай уақыт жұмсалды. Жылдың басында өзге республикалық байқауда 1-орынға ие болдым. Көктемде сынақ ретінде жасаған жұмысымызда шалғам өсіп шықты. Айта кетейік, жобаны жасауда оқушы ешқандай зат сатып алмаған. Барлығын ауылдағы қалдық заттармен құрастырған. Облыстық «Ұлы өнертабысқа бірінші қадам» атты техникалық жобаларды құрастыру байқауында «ауыл шаруашылығы техникаларын жасау» бағыты бойынша жеңімпаз атанған оқушы енді республикалық кезеңде бақ сынайды.