83,5 млн теңге қайда кетті? Перизат Қайрат ісінде куәгер сөйледі

0
128

​Газа тұрғындарына көмектесу үшін қаражат жинаудың қажеттілігі туралы бейнеролик жарияланған.


83,5 млн теңге қайда кетті? Перизат Қайрат ісінде куәгер сөйледі

Фото: Instagram/01pk

ERNUR.KZ. Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Перизат Қайратқа қатысты негізгі сот процесі жалғасып жатыр. Kaspi Gold-тағы жеке шоты арқылы 83,5 миллион теңге жинаған куәгер, блогер Олжас Садық, сотта өзін «BizBirgemiz» қорының өкілі Перизат Қайратпен бірге БАӘ-ге сапар кезінде медиа тұлға ретінде пайдаланғанын мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оның айтуынша, ол Газа тұрғындарына көмектесу үшін қаражат жинаудың қажеттілігі туралы бейнеролик жариялаған. Бұл видео 4 миллион қаралым жинағаннан кейін онымен Перизат Қайрат байланысқа шыққан.

«Перизат Қайрат маған хабарласып, Астанадағы барлардың бірінде кездесуге шақырды. Ол Түркияда болған жер сілкінісінен кейінгі гуманитарлық миссиядан фотосуреттер көрсетті, «BizBirgemiz» қоры туралы айтты», – деді куәгер сот отырысында.

Алайда блогер қаражатты «дұрыс емес» адамдарға аударудан қорыққанын айтты.

«Мен БҰҰ жанындағы ресми гуманитарлық қор – ЮНИСЕФ-пен байланысқа шықтым. Instagram-дағы жарнама арқылы олардың кеңсесіне барғанымда барлығын түсіндіріп берді. Біз реквизиттері көрсетілген құжатқа қол қойдық. Елшіліктен алған деректер арқылы ақша аударудан бас тарттым», – деді ол.

Куәгердің айтуынша, Палестина елшілігінің хатшысы оған қысым көрсетіп, қаражатты аудармаса, алаяқтықпен айыптап, сотқа беремін деп қоқан-лоқы көрсеткен.

«Үшінші нөмірлерден қоңыраулар келіп: «Сен бізді лақтырып кеткің келе ме?» деді. Мен үшін жалғыз қауіпсіз жол – ресми қормен жұмыс істеу екенін түсіндім. Біз ЮНИСЕФ-пен меморандумға қол қойдық, 7 қарашада барлық соманы – 83,5 миллион теңгені олардың реквизиттері бойынша аудардым», – деді Олжас Садық.

Алайда қызықты жайт осы аударымнан кейін басталған: 8 қараша күні, яғни келесі күні, ол Перизат Қайратпен бірге Абу-Дабиге ұшқан.

«Барлық шығынды Перизат төледі. Біз Rixos қонақүйіне орналастық: мен жеке бөлмеде, ол да жеке бөлмеде. Таңертең Дубайдың шығысындағы басқа қалаға бардық. Онда Emirates Red Crescent қорынан гуманитарлық көмек қапталып жатты. Мен бұл қорға «BizBirgemiz»-ден ақша келді ме?» деп сұраныс жібердім, бірақ жауап ала алмадым», – деді Олжас Садық.

Куәгердің айтуынша, мұның бәрі ауызша келісімдермен және қаражатты пайдалану бойынша толық есеп талап етуімен қатар жүрді.

«Emirates Red Crescent көмегін қаптау орнына барғанда, маған медиа өкілі ретінде бейджик берілді, ал Перизат қордың жилетін киді. Ол: «Міне, осының бәрі сіздердің қаражаттарыңызға алынды», деді. Бірақ мен ол кезде «қаражат бір түнде қалай Эмираттарға жетуі мүмкін?» деген логикалық сұрақ қоймаппын», – деп атап өтті куәгер.

Оның айтуынша, тауарлар мен қызметтердің сатып алынғанын растайтын ешқандай құжат ұсынылмаған. Сонымен қатар, Қазақстанға оралғаннан кейін Перизат Қайратпен байланысқа шығу әрекеттері сәтсіз болған.

Сот барысында Перизат Қайрат куәгерге нақтылау сұрағын қойды:

«Сізге сол жерде Қазақстан тарапынан көрсетілген еріктілік қызметіңіз үшін алғыс айтылды ма?»
«Растай алмаймын», – деп жауап берді куәгер.
«Бірақ өзіңіз түсірген видео бар ғой», – деді айыпталушы.
«Онда ештеңе естілмейді, өйткені адамдар көп болды. Мен сізге тікелей сұрақ қою үшін бірнеше рет қоңырау шалуға тырыстым, бірақ сіз жауап бермедіңіз», – деді Олжас Садық.

Перизат Қайрат прокурорға жүгініп:

«Прокурор, осы сәтті тіркеп алыңыз. Кейінірек телефон жазбалары мен қоңырауларды зерттегенде, мен есеп беру барысында бірнеше рет оған жүгінгенімді көресіздер», – деді.

Сотта прокурор іс материалдарына сәйкес жиналған қаражат көлемі – 83 542 734 теңге екенін еске салды. Олжас Садықтан азаматтық талапты қолдай ма деп сұрады.

«Иә. Мен талап-арыз бердім. Мені жәбірленуші ретінде тануды қалаймын. Егер бұл қаражат қайтарылса, жұрт бастапқыда қайда бағыттады – сол жерге жұмсалсын», – деді ол.

Айта кетейік, бұл күні сотта «Асар-Уме» қорының президенті Асхат Нұрмашев та жауап берді. Ол «BizBirgemiz Kazakhstan 2030» қорына 200 миллион теңге аударылғанын, алайда аударым кезінде де, кейін де қаражаттың нақты қалай жұмсалғаны туралы есеп берілмегенін айтты.