Аспалы көпір арқылы өзеннен өтпек болған кезде шаруа қожалығының үш жұмысшысы суға құлап кеткен.
фото: видеодан скрин
ERNUR.KZ. Абай облысында үш адам өзенге құлап кеткен. Құтқарушылар екі адамның денесін тапты, үшіншісін іздеп жатыр, деп жазады tengrinews.kz.
Аягөз ауданында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аспалы көпір арқылы өзеннен өтпек болған кезде шаруа қожалығының үш жұмысшысы суға құлап кеткен.
Қайғылы жайт 15 сәуірде болған, бірақ оқиғаның егжей-тегжейі бүгін ғана белгілі болды. Облыстың ТЖ басқармасы мәліметінше, Аягөз қаласының 101 пультіне Ақшәули ауылындағы оқиға туралы хабарлама келіп түскен.
"Куәгерлердің айтуынша, шаруа қожалығының үш жұмысшысы мотоциклді Көкқамыр учаскесіндегі ағаш аспалы көпір арқылы өткізбек болып, Қаракөл өзеніне құлаған. Жағадан ұялы телефондар мен сырт киімдер табылды", - деді Абай облыстық ТЖД өкілі.
Әлеуметтік желілерде өткелдің видеосы пайда болды, ағаш көпір апат жағдайында тұр.
16 сәуірде құтқарушылар жергілікті билік өкілдерімен бірге екі адамның денесін тапты. Үшінші адам іздестіріліп жатыр.