Абай облысында мал бағуға арналған ақылды технологиялар енгізілді

0
119

Шаруа қожалығы 1994 жылы фермер Нұртуған Манаптың бастамасымен құрылған.


Абай облысында мал бағуға арналған ақылды технологиялар енгізілді

Фото: АШМ

ERNUR.KZ. Абай облысындағы "Даурен" шаруа қожалығы мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған заманауи технологиялық шешімдерді табысты енгізіп келеді, деп жазады inbusiness.kz.

Шаруа қожалығы 1994 жылы фермер Нұртуған Манаптың бастамасымен құрылған. Бүгінде ол қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсіруге маманданған өңірдегі жетекші асыл тұқымды шаруашылықтардың бірі.

Жалпы аумағы 1 550 гектарды құрайтын шаруашылықта малды автоматтандырылған түрде жаю жүйесі енгізілген. Жайылымның екі учаскесі электр қоршауларымен, тағы екі учаскесі берік топсалы қоршаулармен жабдықталған. Соның нәтижесінде мал бақташыларсыз жайылады.

Малды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында автоматтандырылған сумен жабдықтау жүйесі орнатылған. Күн энергиясымен жұмыс істейтін тереңдік сорғылары күн шыққан кезде автоматты түрде іске қосылып, күні бойы малды таза сумен қамтамасыз етеді.

Биыл шаруашылық дәстүрлі қақпалардың орнына заманауи инженерлік шешім – "Техас қақпаларын" (Texas gate) орнатты. Бұл жүйе ауыл шаруашылығы техникасының еркін қозғалуына мүмкіндік бере отырып, малдың жайылым аумағынан шығып кетуіне жол бермейді.

Қазіргі уақытта шаруашылықта 802 бас асыл тұқымды ірі қара мал, оның ішінде 300 сиыр бар. Негізгі қызмет бағыты – жоғары генетикалық әлеуетке ие асыл тұқымды төлді өсіріп, өткізу. Шаруашылықтың асыл тұқымды малы республикалық және халықаралық көрмелерде тұрақты түрде жүлдегер атанып келеді.

Өндірістік үдерістердің жоғары деңгейде автоматтандырылғанына қарамастан, шаруашылық ауылдық жерде тұратын бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар шаруашылықта 19 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасы пайдаланылады.

Алдағы кезеңде өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жобаларды іске асыру жалғасады. 2026–2027 жылдары жайылымдарды абаттандыру, малды ротациялық жаю жүйесін енгізу және 200 шақырым қоршау орнату жоспарланып отыр.

2027-2028 жылдары қой шаруашылығын дамыту, сондай-ақ күн энергиясын пайдалану арқылы суды көтеру және сумен қамтамасыз етудің жаңа автоматтандырылған жүйелерін енгізу көзделген.

Шаруашылықта экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне де ерекше назар аударылады. Алдағы уақытта аумақты көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру, жайылымдардың өнімділігін түбегейлі жақсарту, көпжылдық шөптер егу және табиғи су көздерін қалпына келтіру жоспарланған.