Қазақстанда азаматтар мен заңды тұлғалардың цифрлық бейіндері қалыптастырылған.
ERNUR.KZ. Қаржы министрлігі Smart Data Finance жүйесі арқылы салықтық деректерді талдап, сәйкессіздіктерді анықтау бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді, деп жазады baq.kz.
Вице-министрдің айтуынша, Smart Data Finance жүйесі екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның аясында жеке және заңды тұлғалардың цифрлық бейіндері жасалған. Бұған дейін көлік құралдары мен жылжымайтын мүлікке қатысты деректер тексеріліп, қажет болған жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті жұмыстар жүргізілген.
Біз бұл бағытта шамамен бір жарым жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Салықтық есептілікті тапсыру мерзімдері мен жылдық циклдер бар. Ақпарат белгіленген әдістеме мен Салық кодексіне сәйкес әр цикл сайын қайта тексеріліп, әрбір бизнеспен тиісті жұмыс жүргізіледі, – деді Әсет Тұрысов.
Журналистер азаматтардың табысы мен шығысы қазірдің өзінде тұрақты тексеріліп жатқан-жатпағанын және табыс көзін растай алмаған жағдайда қандай шаралар қолданылатынын сұрады.
Вице-министрдің түсіндіруінше, егер азаматтың мүлкі мен сатып алған дүниелерінің құны оның ресми табысымен сәйкес келмесе, салық органдарында қосымша сұрақтар туындауы мүмкін. Мысалы, адамның соңғы 2-3жылда бірнеше үй немесе 5-6 автокөлік сатып алғаны анықталып, бірақ оның ресми табыс көзі болмаса, бұл жағдай қосымша тексеруді қажет етуі ықтимал.
Мұндай жағдайларда тиісті шаралар Салық кодексіне сәйкес қолданылады. Салық органдарының жеке және заңды тұлғалардан мәліметтер сұратуына мүмкіндік беретін тәртіп бұрыннан бар. Менің білуімше, бұл тәртіп өзгермейді, – деді ол.
Сонымен қатар Әсет Тұрысовтың сөзінше, үлкен деректерді (Big Data) пайдалану азаматтарға салықтық міндеттемелерді түсіндіруге және декларация толтыру кезінде қолда бар ақпаратты қолдануға мүмкіндік береді. Мәселен, жүйе азаматқа декларацияда қандай деректерді көрсетуге болатынын немесе есептелген салық сомасының қалай қалыптасқанын түсіндіруге көмектеседі.
Ал азамат табыс көзін растай алмаған жағдайда қолданылатын нақты шаралар туралы вице-министр егжей-тегжейлі жауап бере алмады. Оның айтуынша, бұл мәселеге қатысты толық түсініктемені Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері бере алады.


