Қазақстанда көлікті тіркеу мен жүргізуші куәлігін алу ережесі өзгереді

0
149

Көлікті алғаш рет тіркеу кезінде ұсынылатын құжаттар тізімі кеңейтілмек.


Қазақстанда көлікті тіркеу мен жүргізуші куәлігін алу ережесі өзгереді

ERNUR.KZ. Қазақстан Ішкі істер министрлігі көлік құралдарын тіркеу, жүргізушілерді даярлау, емтихан қабылдау және жүргізуші куәлігін беру тәртібін реттейтін бұйрыққа ауқымды өзгерістер енгізуді ұсынды, деп жазады stan.kz.

2014 жылғы 2 желтоқсанда қабылданған №862 бұйрыққа қатысты түзетулер Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен келісілген.

Көлікті тіркеу үшін қандай құжаттар қажет?

Көлікті алғаш рет тіркеу кезінде ұсынылатын құжаттар тізімі кеңейтілмек. Атап айтқанда, кәдеге жарату төлемі төленгенін растайтын сертификат, көлік құралының немесе шассиінің электрондық паспорты және кедендік рәсімдеуге қатысты құжаттар талап етіледі. Ал көлік конструкциясына өзгеріс енгізілген жағдайда КО ТР 018/2011 техникалық регламентіне сәйкестік туралы куәлік қажет болады.

Дипломатиялық өкілдіктер, олардың қызметкерлері мен отбасы мүшелері кәдеге жарату сертификаты мен электрондық паспорт ұсынудан босатылады. Ал Қарулы күштер мен арнаулы мемлекеттік органдарға электрондық паспортқа қатысты талап қолданылмайды. Көлікті міндетті түрде тексеру талабы да кеңейтіледі. Енді тек алғашқы тіркеу кезінде ғана емес, кузов, шасси немесе рама ауыстырылғанда, көліктің түсі өзгергенде, сондай-ақ маркасы, моделі, VIN-коды, шығарылған жылы, қозғалтқышының көлемі мен қуаты және орын саны туралы деректердегі қателер түзетілгенде де тексеру жүргізіледі.

Бұл талап отандық өндірістегі жаңа көліктерге және ресми дилерлер арқылы әкелінген жаңа автомобильдерге қолданылмайды. Өз қолымен құрастырылған тіркемелерді тіркеудің жеке тәртібі енгізіледі. Ол үшін аккредиттелген зертхананың сынақ хаттамасы, Әкімшілік полиция комитеті беретін сәйкестендіру нөмірі туралы құжат және конструкция қауіпсіздігі туралы куәлік қажет болады.

Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру тәртібі өзгереді

Жаңа түзетулер бойынша теориялық немесе практикалық емтиханнан өте алмаған үміткер келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады. Екі рет сәтсіз нәтиже алған жағдайда келесі мүмкіндік кемінде 10 күнтізбелік күннен кейін беріледі. Емтиханнан үш рет өте алмаған азаматтар кейінгі талпыныстары үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының тарифтері бойынша ақы төлейді. Қайта тапсыру аралығы бұл жағдайда да кемінде 10 күн болады. Ал жергілікті әскери басқару органдарының жолдамасымен оқыған азаматтар емтиханды жеті күннен кейін қайта тапсыра алады.

Теориялық емтиханның нәтижесі мен дұрыс жауаптар тест аяқталғаннан кейін ғана көрсетіледі. Нәтижемен келіспеген үміткер апелляция бере алады. Оны кемінде үш адамнан тұратын комиссия қарайды. Оның құрамына уәкілетті органның, мемлекеттік корпорацияның және оқу ұйымының өкілдері кіреді. Емтихан кезінде көшіріп алу, материалдармен алмасу немесе электрондық құрылғыларды пайдалану анықталса, сынақ тоқтатылып, үміткерге "өтпеді" деген баға қойылады. Мұндай жағдайда емтиханды қайта тапсыруға тек 12 айдан кейін рұқсат етіледі.

Практикалық емтиханда есептелген айыппұл ұпайларына да шағымдануға болады. Автодром немесе көлік болмаған жағдайда, сондай-ақ жергілікті әскери басқару органдарының жолдамасымен "C", "D", "C1" және "D1" санаттары бойынша емтихан қабылдау үшін арнайы комиссия құрылады. Бұдан бөлек, оқу автомобильдерінің салоны 360 градустық бейнебақылау жүйесімен жабдықталады. Бейнежазбалар кемінде алты ай сақталуға тиіс.

Жүргізуші куәлігін ауыстыруға қатысты талаптар

Шетелдік жүргізуші куәлігін қазақстандық куәлікке ауыстыру тәртібі нақтыланады. Ол үшін азамат теориялық емтиханды сәтті тапсырып, шетелдік құжаттың түпнұсқалығын сол елдің құзыретті органы арқылы растауы керек. Көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматтардың куәліктері алынып, бір жұмыс күні ішінде олардың күшін жою және жою рәсімдерін жүргізу үшін уәкілетті органға жіберіледі. Ал шетелдік жүргізуші куәліктері жойылмайды, олар алынған жерде сақталады.

Көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылған адамдарға жүргізуші куәлігін беруге ақпараттық жүйе арқылы шектеу қойылады. Сондай-ақ бұйрыққа Қазақстанның жол қозғалысы ережелері бойынша білімді тексеруге арналған жаңа бөлім енгізіледі. Тексеруге "ХҚКО" мобильді қосымшасы арқылы кемінде бір жұмыс күні бұрын жазылуға болады. Егер азамат сынақтан өте алмаса, оны келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады. Екі рет сәтсіз нәтиже алған жағдайда келесі емтихан 10 күннен кейін өткізіледі. Тексеру нәтижелері серверде 12 ай бойы сақталады.

Шетелдіктердің көлік нөмірлеріне қатысты өзгерістер

Құжатта Қазақстан аумағында жүрген шетелдік азаматтар мен ұйымдарға арналған мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің сериялары да егжей-тегжейлі көрсетілген.

Атап айтқанда:

  • D – дипломатиялық өкілдіктер;
  • T – әкімшілік-техникалық персонал;
  • HC – құрметті консулдар;
  • M – шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары;
  • N, C, L, P, J, K, S, Y – шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалар;
  • F, T, A, G, I, N, R – шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар.

D, T және HC сериялы нөмірлер үшін дипломатиялық корпус мәселелерімен айналысатын ұйым беретін арнайы жапсырма міндетті болады. Мұндай нөмірлердің жарамдылық мерзімі жапсырманың қолданылу мерзіміне байланысты белгіленеді.

Көлікті онлайн тіркеу және цифрлық кезек

Жаңа тәртіпте мемлекеттік қызмет көрсету кезеңдеріне нақты уақыт шектері белгіленеді. Құжаттарды қабылдау және тексеруге – 20 минут, анықталған кемшіліктерді түзетуге – 60 минут, қызмет көрсетушінің шешім қабылдауына – 15 минут, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті басып шығаруға – 5 минут, ал оны беруге 10 минут қарастырылған. Құжаттар толық болмаса немесе қателер анықталса, өтініш "цифрлық күту парағы" арқылы қабылданады.

Көлікті онлайн тіркеу кезінде қызмет көрсетуші алдын ала шешім шығарып, азаматтың жеке кабинетіне хабарлама жібереді. Осыдан кейін көлік иесі автомобильді тексеруден өткізу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына ұсынуы керек. Автокөлікті есептен шығару және оны жаңа иесінің атына тіркеу бір өтініш арқылы рәсімделеді. Рәсім жеке кабинетте расталады.

Тапсырыспен жасалатын мемлекеттік нөмірлер ірі қалаларда үш жұмыс күні ішінде, ал басқа өңірлерде 10 күнде дайындалады. Дайын болғаны туралы хабарлама 1414 нөмірінен жіберіледі. Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күшіне енеді. Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті құжатты Әділет министрлігінде тіркеп, ведомствоның интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етуі керек.