Абай облысында өлі табылған тракторшы өрттен қаза болғандар тізіміне кірмейді

0
505

Марқұм өрттен емес, жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болған.


Абай облысында өлі табылған тракторшы өрттен қаза болғандар тізіміне кірмейді

ERNUR.KZ. Абай облысында көз жұмған тракторшы Сергей Архипов орман өртінен қаза болғандар санатына жатқызылмайды. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Мәжіліс кулуарында журналистер "Абай облысында мәйіті табылған ауыл тұрғыны Сергей Архипов өрт құрбандарының тізіміне кіре ме?" деп сұрады.
Өмірәлиевтің айтуынша, марқұм орман өртінен қаза болмаған.
"Ол азамат өрт алқабынан тыс, басқа жерде табылған. Тракторы да, денесі де. Өкінішке қарай, қандай себептен көз жұмса да, әрине, бұл өте ауыр. Бірақ ол өрттің салдарынан қаза болмаған. Сол себепті ол азаматтардың (орман өртінің құрбандары) санатына жатқызылмайды", - деді бас прокурордың орынбасары.
Өмірәлиев марқұмның отбасына қолдау көрсету шаралары облыс әкімдігінің құзыретіне жататын мәселе екенін атап өтті.
"Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккендердің отбасыларына жан-жақты көмек беруді тапсырды. Көмек беру немесе бермеу облыстық әкімдікке байланысты. Мүмкін кәсіпкерлер де көмектескісі келетін шығар, бұл заңға қайшы емес", - деді ол.
Еске салсақ, 13 маусымда Абай облысында үш күн бұрын жоғалып кеткен Бесқарағай ауданы Долон ауылының тұрғыны Сергей Архиповтың мәйіті табылды. Полицейлер оның денесін өрт сөндіру орнынан 50 шақырым жерде тапқан. Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері болмаған.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы 1987 жылғы ер адамның жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болғанын көрсеткен.
Абай облысындағы алапат өрттен орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза болды. Олар өз учаскесіндегі өртті сөндіруге шыққан.