Абай облысында полиция далада мәйіті табылған белгілі кәсіпкер ісіне қатысты мән-жайды жариялады

0
68

Бастапқыда іздестіру операциясына арнайы бөлімшелер, әскери қызметшілер мен ондаған техника жұмылдырылды.


Абай облысында полиция далада мәйіті табылған белгілі кәсіпкер ісіне қатысты мән-жайды жариялады

Фото: полициядан

ERNUR.KZ. Абай облысында бес күнге созылған іздестіру жұмыстарынан кейін Семей қаласындағы жанармай құю бекеттері желісінің иесі, 44 жастағы Ринат Ахметовтің мәйіті Бородулиха ауданында табылған еді. Тергеушілер болған оқиғаның мән-жайын анықтады, деп жазады inform.kz.

Бастапқыда іздестіру операциясына арнайы бөлімшелер, әскери қызметшілер мен ондаған техника жұмылдырылды. Із-түзсіз жоғалған азаматтың өңірге танымал кәсіпкер болғанын ескерген полицейлер қылмыс болуы мүмкін деген нұсқаны да жоққа шығармады. Атап айтқанда, оны ұрлап әкету немесе тапсырыспен өлтіру ықтималдығы қарастырылған.

Алайда тергеу амалдары мен оқиға орнын тексеру барысында қылмыс болуы мүмкін деген нұсқа толықтай расталмады. Жедел қызметкерлердің анықтауынша, қайғылы жағдайға бірқатар кездейсоқ жайт себеп болған. Оқиға көлік өте сирек жүретін, аптасына бір рет қана адам аяғы басатын иен даладағы қара жолда басталған. Кәсіпкердің көлігі жолдан шығып, орға түсіп кеткен. Жүргізуші көлігін қар мен лайға батқан жерден өз күшімен шығара алмаған.

Жағдайды ұялы телефон қуатының таусылуы одан әрі қиындата түсті. Осылайша ер адам елсіз жерде байланыссыз қалған. Жолай көлік тоқтатудан нәтиже шықпаған соң, ол жақын маңдағы елді мекенге жаяу жетуге бел буған. Алайда елді мекенге дейін ашық дала арқылы шамамен 35 шақырым жол жүру керек болған.

– Жоғалған азаматтың белгілі кәсіпкер болғанын ескеріп, алғашқы күндерден бастап оның жоғалуына қылмыстық әрекеттің қатысы болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығармадық. Сондықтан іздестіру жұмыстарына жеке құрам мен техниканы барынша жұмылдырдық. Бірақ тергеу барысында бұл оқиғаның қылмысқа қатысы жоқ екені анықталды. Ер адам қатты тоңып, денесі үсіп кету салдарынан көз жұмған. Қатты үсу кезінде адам бойын жалған жылу сезімі билеп, үстіндегі киімдерін шеше бастайды. Іздестірушілердің кәсіпкердің қуаты таусылған телефоны мен киімдерінің бір бөлігін мәйіті табылған жерден едәуір қашықтықтан анықтауы осы жағдаймен түсіндіріледі, – деп хабарлады Абай облыстық полиция департаментінен.