​Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы: саладағы кәсіпорындар саны екі еседен астам артты

0
51

2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) қолдауымен Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізілді.


​Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы: саладағы кәсіпорындар саны екі еседен астам артты

ERNUR.KZ. Бұл – соңғы 20 жылға жуық уақыт ішінде аграрлық секторды тұтастай қамтыған алғашқы ауқымды зерттеу. Санақ нәтижелері 2006–2007 жылдардағы алдыңғы санақтан бергі өзгерістерді бағалауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Санақ еліміздің барлық өңірінде шамамен 290 мың ауыл шаруашылығы құрылымы мен 1,7 млн жеке қосалқы шаруашылықты қамтыды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың 97%-ы қамтылды.

Деректерді жинау барысында цифрлық технологиялар қолданылды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының 92%-ы, ал жеке қосалқы шаруашылықтардың 19%-ы онлайн санақтан өтті. Респонденттердің үйіне барған кезде интервьюерлер санақ парақтарын планшеттер арқылы толтырды.

Санақаралық кезеңде ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны артып, егіс алқаптарының құрылымы өзгерді. Мал басының басым бөлігі ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесіне тиесілі болды.

Атап айтқанда, осы кезеңде ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 42%-ға өсіп, 204 мыңнан 290 мыңға жетті. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны екі еседен астам артып, 9,5 мыңнан 21 мыңға дейін өсті. Ал шаруа және фермер қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің саны 194 мыңнан 269 мыңға жетті.

Егіс алқаптарының жалпы көлемі 18,3 млн гектардан 23,2 млн гектарға дейін ұлғайды. Сонымен қатар егілетін дақылдардың арақатынасында да өзгерістер болды.
Дәнді дақылдардың үлесі 81%-дан 69%-ға дейін төмендесе, майлы дақылдардың үлесі 4%-дан 17%-ға дейін өсті.

Мал шаруашылығында мал басының шаруашылық санаттары бойынша бөлінісінде елеулі өзгерістер байқалды. Алдыңғы санақтың қорытындысы бойынша шартты мал басына шаққандағы жалпы көрсеткіштің 20%-ы ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесіне тиесілі болған. 2025 жылы бұл үлес 68%-ға жетті. Ал жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесі 32%-ды құрады.

Санақ барысында саланың техникалық жарақтандырылуы мен жұмыспен қамтылғандар туралы да мәліметтер жиналды. Ұйымдасқан секторда 707 мың адам еңбек етеді. Есепке алынған өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының 57%-ы 10 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді.

Санақ қорытындылары интерактивті виджеттер мен дашбордтарда, электрондық машинамен оқылатын кестелерде және статистикалық жинақта жарияланды.

Пайдаланушылар өз өңірінде қанша шаруашылық жұмыс істейтінін, қандай дақылдар өсіретінін, қанша малы мен қандай техникасы бар екенін біле алады.

Интерактивті құралдар өңірлер мен шаруашылық санаттарының көрсеткіштерін салыстыруға мүмкіндік береді. Ал электрондық кестелерден деректерді жүктеп алып, өз бетінше талдау жасауға болады.

Негізгі көрсеткіштермен қатар, агротехнологиялар мен цифрлық шешімдерді қолдану, кооперация, қаржыландыру көздері мен инфрақұрылымға қолжетімділік туралы мәліметтер де жарияланды. Бұл ақпарат мемлекеттік органдарға қолдау шараларын жоспарлауға, бизнес өкілдеріне ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттіліктерін бағалауға, ал зерттеушілерге аграрлық сектордағы өзгерістерді зерделеуге мүмкіндік береді.

СЖЖРА Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша.