Әбілдаев дәрігерлерге үстемеақы төленбей жатыр деген ақпаратқа түсініктеме берді

0
607

Қазір 3 758 қызметкерге 1 миллиард 200 миллион теңге төленген. Медициналық жедел жәрдем қызметкерлеріне төлем жүргізіліп жатыр.


Әбілдаев дәрігерлерге үстемеақы төленбей жатыр деген ақпаратқа түсініктеме берді

ERNUR.KZ. Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев коронавируспен күреске тартылған барлық медицина қызметкері үстемеақы алғанын мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Кеше кейбір БАҚ беттерінде COVID-19-пен күреске тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы төленбегені ақпарат жарияланды. Осыған қатысты мемлекеттік комиссияның тәуекел санаттарына кіретін барлық медицина қызметкері жұмыс істеген сағаттары үшін толық көлемде үстемеақы алғанын ресми түрде хабарлаймын", - деді Әбілдаев онлайн брифингте.
Ол үстемеақы алатындардың тізіміне енбеген медицина қызметкерлеріне медициналық ұйымдардың жалақы қорынан қаржылай қолдау көрсетілетінін айтты.
Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттің есебінен қосымша қолдау мәселелері шешімін тапқан. Әбілдаев қазір 3 758 қызметкерге 1 миллиард 200 миллион теңге төленгенін атап өтті. Қазіргі уақытта медициналық жедел жәрдем қызметінің қызметкерлеріне төлем жүргізілуде.
Үстемеақы кімдерге төленеді
Коронавирус эпидемиясымен күресіп жатқан дәрігерлерге үш ай бойы жалақысына үстемеақы төленеді.
Медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай үш топқа бөлінген:
"Қауіптілігі аса жоғары" — жансақтау бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы - 850 мың теңге;
"Қауіптілігі жоғары" – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Оларға 425 мың теңге төленеді;
"Қауіптілігі орташа" – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және т. б. Үстемеақы 212,5 мың теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, медицина қызметкері коронавирус жұқтырып алған жағдайда, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін 2 миллион теңге төленеді. Егер қайтыс болса, 10 миллион теңге өтемақы қарастырылған.