Тестілеу алғаш рет электрондық форматта өтеді.
ERNUR.KZ. ҰБТ бұрынғыдай 10 күннің ішінде ғана емес, енді үш ай бойы ҰБТ электронды форматта өтетін болады. Бұл туралы ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«ҰБТ-ны өткізу процесін цифрландыру бірқатар ерекшеліктерге және ұтымды жағдайларға ие. Біріншіден, бұл тест тапсырушылардың өздері үшін ыңғайлы. ҰБТ бұрынғыдай 10 күннің ішінде ғана емес, енді үш ай бойы ҰБТ электронды форматта өтетін болады. Ең ұтымды жағына тоқталсақ, оқуға түсушінің өзі қай күнге, қай уақытта және қай жерде өткізуді таңдай алады. Тіркелгеннен кейін, тестілеуді электронды форматта өтеді», - деді департамент басшысы.
Таратылған мәліметке қарағанда, мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Тестілеу алғаш рет электрондық форматта өтеді.
Компьютерлік ҰБТ-ға өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz/ сайты арқылы беруге болады. Тіркеу онлайн режимде жүргізіледі, ешқандай құжат пен фотосуреттер талап етілмейді. Абитуриент сайтқа кіріп, кез келген тестілеу пунктін, ҰБТ тапсыру күні мен өзіне ыңғайлы уақытты таңдайды.
Егер бұрын талапкерлерге ҰБТ-да кітапшаның қағаз нұсқасы мен жауап парағы берілетін болса, енді үміткерлер тестілеуді компьютер арқылы тапсыратын болады.