Таза әрі үздіксіз қуат көзі.
ERNUR.KZ. АЭС арқасында экономика гүлденеді, инновациялық жобалар көбейеді, нәтижесінде еліміздің инвест климаты жақсарып, әлеуметтік-экономикалық сала қарқынды дамиды.
Атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолдана отырып, еліміздің халықаралық аренадағы позициясы нығаяды.
Ал, енді талдайтын болсақ, АЭС дегеніміз – электр энергиясын алу. Мәселен ЖЭО-нан, көмірден, судан, желден, күннен де энергия аламыз. Ал бұл жерде атом реакцияларының әсерінен энергия алу көзі болып табылады. Бұл жердегі негізгі бөлшек – атом. Атомдар тізбектік реакцияға түсіп, жылу бөлінеді. Атом энергетикасының құрылымын айтар болсақ, бұл жерде атом реакторы жұмыс істейді. Яғни, уран қолданылады да, ураннан жылу бөлінеді. Жылу жібергіш құбырлар арқылы АЭС-тың бірінші контурына барады. Бұл жерде қысым қолданылғандықтан су қайнамайды. Артынша, жылу екінші контурға беріледі. Ол жақтағы су қайнап буға айналады. Ары қарай бұл бу трубиналарға бөлініп, электр энергиясын генерациялайтын құрылғыдан электр энергиясы алынады. Бұл энергия таза әрі үздіксіз қуат көзі.
Қазіргі таңда барлық жерде айтылып жатқандай энергетиканың болашағы бұлыңғыр. Қарапайым мысал, Екібастұздағы жағдайды еске алайық. Соңғы мәліметтер бойынша энергетика өндіретін электр қондырғылардың, линиялардың 70%-ы тозған. Одан бөлек Қазақстан қазіргі таңда әртүрлі келісім шарттарда отыр. Мәселен дүниежүзілік декорбанизация арқылы бүкіл әлемде таралып жатқан көмірқышқыл газдарын азайту мақсатында келісім шарттарға қол қойылып жатыр. Әрине қазіргі таңда бізде көмір қоры өте көп. 300 жылға жететін көмір бар. Оны жағып отыра берсек те болады. Бірақ та, аталған келісімшарттардың арқасында біздің нарыққа шығаратын заттарымызға өте үлкен салық мөлшерлемесімен кесірі тиіп кетуі мүмкін. Бұл біздің елдегі қымбатшылыққа әкеліп соғады. Жылдан-жылға электр энергиясын тұтыну көбейіп келе жатыр. Былтырғы көрсетікіштер бойынша бізде 16 Гвт электр энергиясын тұтынып отырмыз. Бұл жыл өткен сайын көбеймесе, азаймайтыны анық. Елдегі энергетиктердің, экономика саласының мамандардың болжауы бойынша 2035 жылы осыншама энергия жетіспеушілігі болады деген пікір бар. Олардың баламалы энергия көздерінің де шамасы жетпей жатса энергияны қайдан аламыз деген тақырыпты қозғауы да бекер емес. Әр генерацияның өз орны бар. Баламалы энергия көзін базалық энергия көзі ретінде ала алмаймыз. Сол себепті де АЭС салу қажет деп ойлаймын.
АЭС-тің қоршаған ортаға және экологияға еш зияны жоқ. Оны экологтар да растап, дәйекті дәлелдермен дәлелдеп-ақ жүр. Мен эколог емес инженер ретінде айтатын болсам, мамандар АЭС тақырыбын қозғамас бұрын қоршаған ортаға еш кері әсерінің болмауын негізге алады. Бұл негізі басты қағидаттың бірі. Бұл тақырыпты көптеген институттар, дүниежүзілік университеттер, лабараториялар зерттеген. Оның ішінде АЭХА-ның (Атом энергетикасы бойынша халықаралық агенттік «МАГАТЭ») зерттеулері де қаншама. Радиоактивті қалдықтардың шығып кету қаупіне қатысты қаншама дәлелдемелер бар. Құрылыс кезінде және де пайдалану кезінде технологиялардың барлығын сақтай отырып салынса, қоршаған ортаға ешқандай зияны болмайды. Мәселен энергия дозасы деген нәрсе болады. Сіз бен біздің күнделікті ауадан, күннен алатын энергияның мөлшері болады. АЭС-тің тура қасында алатын энергия әсері де дәл сондай. Адам құрамында калийі бар бананды жеп те көп доза алады. Апатты жағдайларды есептемесек, доза мөлшері АЭС маңында да және барлық жерде бірдей болады. Апатты жағдайдың болу ықтималдығы 10-7 – ге тең. АЭС-тан шығатын радиоактивті қалдық өте аз. Оны тұрмыстық қалдық секілді алып АЭС шетіне апарып көме салу, суға ағызып жіберу деген дүниелер мүмкін емес нәрсе. Радиоактивті қалдықтарды ешқайда тығып та қоя алмаймыз. Тығып қойғанның өзінде де, АЭХА-ның спутниктік қондырғылары өте сезімтал болып келеді. Оны көмген жерге тастасақ, бірден білініп қалатын нәрсе. Өзімізді алдап не керек? Сондықтан да, оның өзіндік сақтайтын регламенті бар. Реактордың жұмыс өтілі біткеннен кейін қалдықтардың жылу бассейндеріне салып қоямыз. Әрине, уранның жартылай ыдырау периодынан кейін қауіпті болуы мүмкін. Бірақ оның өзіне 4.5 миллион жыл қажет болады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық Экономикалық Комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) ұйғарымымен, тек осы атом энергетикасы ғана парниктік газды ең аз бөлетін энергия түрі деп бекітілген.
Ал, одан өзге энегрия түрлері, мәселен: көмір – 820 грамм/кВт/сағ (СО2 баламасы), табиғи газ – 490 грамм, су электр станциялары – 24 грамм, СЭС (күн концентраторы) – 48 грамм, атом – 12 грамм бөледі.
Атом энергиясы қазіргі жаһандық жылынумен күресу құралдарының негізі. Мысалы, Еуропадағы атом электр станциялары жыл сайын 700 миллион тонна СО2 шығарындыларын болдырмайды.
АЭС -қоршаған орта мен адам денсаулығына кесірі әсері жоқ. Атом электр станциясын салудағы басты негізгі басымдық пен принциптің бірі – оның қоршаған ортаға зиянды әсерінің болмауы. Алдын ала бағалаулар жүргізілген болатын. Нәтижесінде, атом электр станциясын салу және оны пайдалану кезінде Балқаш көлі немесе Ертіс өзенінің экожүйесіне ешқандай қауіптерді анықтаған жоқ. Мұнымен жұмыс тоқтамайды. Әрі қарай жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу кезеңінде ғылыми және инженерлік мамандар жан-жақты және жан-жақты зерттеу жұргізетін болады. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше 2021 жылғы қыркүйектегі жағдайға сәйкес, Ертіс өзені бассейнінің су ресурстары 30,4 млрд м3 құрайды. Атом электр станциясының технологиялық циклі кезінде судың булануынан болатын шығын жылына шамамен 63 млн м3 деп бағаланды (қуаты 2400 МВт атом электр станциясы үшін). Бұл жалпы су ресурстарымен салыстырғанда пропорционалды түрде әлдеқайда аз. Осыған байланысты атом электр станцияларының су тұтынуы Ертіс өзені бассейнінің жағдайына айтарлықтай әсер етпеуі керек деген болжам жасалды.
Балқаш-Алакөл бассейні су ресурстарының көлемі 25,2 млрд м3 деп бағаланады, бұл да атом электр станциясын салқындату үшін қажетті көлемнен айтарлықтай көп, сондықтан станция бұл бассейннің су құрамына кері әсер етпейді. Жалпы әлемде табиғи су қоймаларының жағасында атом электр станцияларын салу тәжірибесі кең тараған және атом электр станцияларын пайдаланатын дүниежүзінде станциялардың су қоймасына теріс әсер ету факторлары әлі бірде-бір рет кездескен жоқ.
Керісінше, тәжірибе көрсеткендей, атом электр станцияларын қоршап тұрған экожүйе белгілі бір даму үстінде. Мысалы, атом электр станцияларының салқындатқыш тоғандарында балықтар олардың алуан түрі жиі өсіріледі, кейбір жағдайларда балық аулау бойынша халықаралық чемпионаттар өткізіледі. Сондықтан, сарапшылар атом электр станциясы – базалық қуаттың тұрақты әрі сенімді көзі дегенді зор сеніммен айтады.
Қалдықтарға келсек, ол шешілетін мәселе. Шынында да, атом электр станцияларын пайдалану нәтижесінде пайда болатын қалдықтардың жиналуы атом энергетикасындағы негізгі мәселелердің бірі, бірақ бұл проблеманы шешудің технологиялық шешімі бар. Атом электр станцияларының қалдықтары әртүрлі критерийлер бойынша жіктеледі және олардың ең маңыздысы - оның адамдарға және қоршаған ортаға қауіптілігіне тікелей байланысты радиоактивтілік деңгейі. Осы негізде қалдықтар пайдаланылған ядролық отын мен оны қайта өңдеу өнімдері, сондай-ақ орташа және төмен радиоактивті материалдар кіретін жоғары деңгейдегі қалдықтарға бөлінеді.
Қолданылған ядролық отынды қазіргі уақытта атом энергетикасы дамыған көптеген елдер қалдық ретінде емес, әлеуетті ресурс ретінде қарастырады. Пайдаланылған отынды қайта өңдеу мен қайта пайдалануды көздейтін жабық ядролық отын циклінің технологиялары енгізілуде. Бұл технологиялар Уран-238-ді жылдам нейтронды реакторлар процесіне қосуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні бұл технологиялар айтарлықтай дамыған: қайта өңделген материалдан жасалған жаңа отын түрлері атом электр станцияларында белсенді түрде қолданылуда.
Бұл бір жағынан экологиялық жүктемені азайтып, түзілетін қалдықтардың көлемін азайтса, екінші жағынан уранды пайдалану тиімділігін арттырып, сол арқылы атом энергетикасының шикізаттық базасын кеңейтеді. Осылайша, жоғары деңгейлі қалдықтардың мөлшері айтарлықтай төмендейді, ал қалдықтардың көлемі, тіпті өңдеусіз болса да, көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының күл үйінділерінің көлемдерімен салыстырғанда айтарлықтай аз.
АЭС салатын болсақ, елдің ғылыми-техникалық және кадрлық әлеуетін өсіреді. Генерацияның жаңа технологияларын енгізу атом энергетикасы саласына ғылыми кадрлардың жаңа буынын қалыптасыруды және жоғары білікті мамандарды даярлауды талап етеді. Маман бізде жеткілікті. Алаңдауға еш негіз жоқ. Қазақстанда кәсіби ортада көпшілікке жақсы танымал Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институты табысты жұмыс істеуде, шетелдік атом электр станциялары үшін отын таблеткалары мен отын жинақтарын шығаратын зауыт салынды. Қазақстанның 4 жоғары оқу орны атом саласы үшін мамандарды дайындайды. «Болашақ» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап «Атом өнеркәсібі», «Атом ядросы мен бөлшектері физикасы», «Техникалық физика (Атом электр станциялары мен қондырғылары), «Ядролық инженерия» мамандықтары бойынша 21 бакалавр, 12 магистр және 1 маман білім алды. Дүниежүзілік тәжірибеге сәйкес, атом электр станциясының жұмыс істеу кезеңінде орта есеппен 2000-ға жуық жоғары және орта арнаулы білімі бар персонал қажет. Осы мақсатта болашақта атом энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Кадрларды даярлау жоспары жеке әзірленіп, қабылданады, оның негізінде қажетті мамандар санын дайындау ұйымдастырылады. Бұл ретте атом электр станцияларының өнеркәсіптік өндірістік персоналының шамамен 20%-ын ядролық білімі бар зауыт қызметкерлері құрайды.
Қысқасы, АЭС салынатын болса, әлеуметтік те экономикалық та мәдени, ғылыми, инфрақұрылым мен инвестициялық ахуал барлығына түгел дерліктей оң әсер ететін болады. Халықтың да әл-ауқаты артып, тұрмысы түзеледі деген зор сенім мен үміт бар.
Асуан Сиябеков «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жетекші инженері