Астанадағы “Шығыс” тұрғын үй кешенінің ауласында футбол алаңының қақпасы 7-ге енді толатын Ямурдың үстіне құлап кеткен.
Фото: Ақпейіл Қаратаеваның жеке архиві
ERNUR.KZ. Астанада 6 жасар қыздың үстіне футбол қақпасы құлады. Салдарынан қыздың басы жарылып, желке сүйегін алып тастаған. Енді оның ата-анасы футбол қақпасын салған мердігер компанияның жауапқа тартылып, емге кеткен шығынды өтеуін талап етеді, деп жазады stan.kz.
Астанадағы “Шығыс” тұрғын үй кешенінің ауласында футбол алаңының қақпасы 7-ге енді толатын Ямурдың үстіне құлап кеткен. Соның кесірінен қыз комаға түсті. Оқиға 26 шілде 18:50-де болды.
“Ол достарымен қақпа маңындағы бос алаңда отырып ойнады. Шамамен 10 жасар қыздар қақпаға турник тәрізді тартыла бастады, сол кезде менің қызым "Олай істеуге болмайды" деп айтып үлгерді, сол секундта үстіне қақпа құлады. Қақпа бекітілмеген болып шықты”, – деді анасы Ақпейіл Қаратаева.
Ямур ауыр ми жарақатын алған, миына қан құйылыпты. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткенше, комаға түскен.
“Қызыма шұғыл түрде 2 ота жасалды. 3 күн реанимацияда жасанды тыныс алу аппаратында жатып, 4-күні ғана оянды. 24 күн нейрохирургия бөлімінде ем қабылдап жатырмыз. Қызым Ямур мектепке дайындалып жатқан еді, 2 айдан кейін 7-ге толады. Бірақ енді оның орнына ұзақ мерзімді оңалту күтіп тұр”, – деді Ямурдың анасы.
Қазір Ямур мүгедектер арбасымен қозғалады. Сөзінше, қызға 6 рет компьютерлік томография жасалған.
Оқиға болған күні полиция ауруханаға келіп, арызын алған. Қылмыстық кодекстің 306-бабының 1-бөлігі “ Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету” бойыншы іс қозғалыпты.
Бұл алаңды “Елорда Құрылыс” компаниясы салған екен. Алайда Ақпейіл Қаратаева компанияның мүлдем байланысқа шықпағанын, тіпті кешірім сұрамағанын айтады. Енді ана компаниядан қызының еміне кеткен шығынды өндіріп алуға ниетті.
Stan.kz тілшісі “Елорда Құрылыс” компаниясына хабарласып көрді. Алайда компания әзір бұл жағдайға пікір білдіруге дайын емес екендерін айтып, кейін қоңырау шалуды сұрады. Ал Астана полициясы қылмыстық іс қозғалғанын және тергеу басталғанын растады.