АИ-92 бензинінің бағасы 205 теңгеден аспауы керек – министрлік

0
763


АИ-92 бензинінің бағасы 205 теңгеден аспауы керек – министрлік

ERNUR.KZ. Энергетика министрлігі АИ-92 және АИ-95 маркалы автобензиндер бойынша қазіргі ахуалды баяндады, деп жазады ҚазАқпарат.

Қазір Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр және АИ-92, АИ-95 бензиндерін, өтінім болған кезде АИ-98 бензиндерін өндіруде.

«Мұнай базаларындағы, жолдағы, өңдеу зауыттарындағы және АИ-95 «премиалды» автобензинінің импортындағы көлемдерінің жиынтық қоры 36,5 мың тоннаны (елдің 12 күндік қажеттілігі) және АИ-92 – 257,1 мың тоннаны (18 күн) құрайды. Айта кетейік, бір литр АИ-92 автобензинінің шекті бағасы мемлекеттік баға реттеуге байланысты 205 теңгеден аспауы тиіс», - деп жазылған министрлік сайтында.

Ал АИ-95 бағасын мемлекет реттемейді, сондықтан жанармай құю станциясының «пистолетінен» шығатын баға нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгеруі мүмкін.

28 шілдедегі жағдай бойынша Павлодар облысының мұнай базаларында және жолда АИ-95-тің 8 тәулікке жететін 0,8 мың тоннасы, АИ-92-нің 9 тәулікке жететін 4,1 мың тонна қоры бар.

«Жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары аяқталып, Павлодар МӨЗ іске қосылуын ескере отырып, автобензиндерді жеткізу көлемі біртіндеп ұлғаятын болады», - дейді Энергетика министрлігі.