Министрдің айтуынша, функциялардың қайталануын болдырмау, әр қызметкерге нақты міндеттер жүктеу, бөлімшелердің жұмысын оңтайландыру мен олардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету үшін өзгерістер керек.
ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзі басқарып отырған министрліктің қайта құрылатынын мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.
Аймағамбетовтың айтуынша, министрлік жұмысына жүргізілген талдау нәтижесінде біраз мәселе өзгерістерді қажет ететіндігі анықталған.
Мәселен, мектепке дейінгі және орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру секілді негізгі департаменттер өздеріне тән емес қызмет атқарады. Сонымен қатар, функциялардың қайталануы мен қарама-қайшылықтар баршылық.
"Құрылымдық бөлімшелердің жүктемелерін талдау да осындай сәйкессіздіктердің көп екендігін көрсетті. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің бір қызметкерінің жүктемесі басқа сервистік департаменттегіден 7 есе артық. Осы және басқа да мәселелерді шешу үшін министрліктің құрылымында бірқатар өзгерістер орын алмақ", - деп хабарлады министр Facebook-тегі жеке парақшасында.
Енді мемлекеттік сатып алу, орындалған жұмыстардың актілерін қабылдау, бюджетті игеру, техникалық сипаттамаларды жасау сияқты барлық міндет қаржы департаментіне жүктеледі.
Бюджеттік өтінімдерді әзірлеу мәселелерімен алдағы уақытта бюджеттік жоспарлау департаменті айналысады.