Ақан Сатаев «Томиристің» қазақша нұсқасы неге көрсетілмей жатқанын түсіндірді

0
1 759

Фильмнің титрлерінде грамматикалық қателер кеткен.


Ақан Сатаев «Томиристің» қазақша нұсқасы неге көрсетілмей жатқанын түсіндірді

Режиссер Ақан Сатаев «Томирис» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы кинотеатрдан неге көрсетілмей жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Фильм прокатқа шыққалы бері әлеуметітк желі қолданушылары туындының тек қана орыс тілінде жүріп жатқанын айтып, қазақ киносының қазақ тілінде көрсетілмеуіне наразылық білдірген. Аталған жағдайға байланысты фильмнің режиссері Ақан Сатаев Instagram парақшасында жағдайды түсіндірді.

«Құрметті көрермен! Күні кеше «Томирис» фильмі барлық кинотеатрларда көрсетіле бастады. Көрермендер мен журналистер қойған басты сұрақ - фильмнің қазақша дыбысталған нұсқасы бар ма? Сөзсіз, толығымен қазақ тілінде дыбысталған нұсқасы бар. Қазақ елі болғандықтан да, алдымен қазақша нұсқасын дыбыстаған едік! Фильмнің соңындағы титрлерді (түсіру тобы мен актерлердің аты-жөні жазылатын бөлім) латын әліпбиінде жазған кезде көптеген грамматикалық қателер кеткен. Сондықтан топ мүшелері мен актерлердің аты-жөні құжатқа сәйкес келмеуіне байланысты кешіктіріліп жатыр. Құқықтық тұрғыдан біз картинаны мұндай қателерімен көрсетілімге жібере алмаймыз. Шұғыл түрде аталмыш мәселені шешіп жатырмыз», - деп жазды ресжиссер.

Ақан Сатаев мұны ақталу емес, мән-жайды түсіндіру деп қабылдауды өтінеді.

«Фильмнің қазақша нұсқасы уақытылы дайын болмай, көрсетілімге кешігіп шыққаны үшін кешірім сұраймыз. Екі-үш күнде бұл мәселе шешіліп, киноны ана тілімізде еліміздің барлық кинотеатрларынан көре аласыздар», - деп атап өтті Ақан Сатаев.