"Қайынатам ажырасқанымды ұмыттырып жібереді"

0
225

"Қалаға келген сайын бұрынғыдай сәлемімді салып, дастархан жайып күтіп аламын"


Сурет: i.pinimg.com

Өздері, сөздері жараспай, қандай да бір себеппен ажырасқан жандар бір-бірін кінәлап, өздерін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетуге тырысады. Өмірде мұндай мысалдар өте көп.

Дегенмен, таяқтың екі ұшы болатынын ескеру керек. Оқырманымыз ERNUR.KZ порталы арқылы көпшілікке "Өзіңнің де титтей болса да қателігіңнің бар екенін, ажырасуға себеп бір жақтан ғана болмайтынын ескерсеңіздер" деген ескерту айтқысы келеді.


"Мен де ажырасқан әйелмін. Әрине, мен де ажырасуымызға қызымның әкесін кінәладым. Қарап отырсам, менің ешқандай кінәм жоқ секілді. Бірақ, кемшіліксіз адам болмайды ғой, ол да менің кейбір кемшіліктеріме шыдамаған шығар. Біздің ажырасуымыз да осындай түсініспеушіліктерден, екеуара отырып, ашық сөйлеспегендіктен деп ойлаймын.

Мен оған қоятын талаптарымды, кінәлауларды ашық айтып жүрдім. Бірақ ол кісі менен не ұнамай жүргенін ашық отырып сөйлеспеді. Жай ғана алыстай бастады. Жаны да, тәні де. Менің көңіліме қараған шығар. Ауыр сөйлеп, жанын жаралап алмайын деп тартынған да шығар, бәлкім.

Бір үйде тұрып жатсақ та, бір-бірімізге бөтен адамдар секілді болып кеттік. Бұрынғыдай бір-бірімізді іздеп, көрмесек тұра алмайтындай болып сағынатын сезімдерміз де жоғала бастады.

"Бұлай бірге өмір сүріп өзімізді қинағанша, бөлек өмір сүріп бақытты болғанымыз жөн" деген шешімге келіп, екеуміз екі жаққа кеттік.

Арамызда бір қызымыз бар еді. Енем мен келін болып түскен жылы төсек тартып ауырып жатқан, көп ұзамай өмірден өтті. Өзі біраз уақыттан бері ауырады екен. Солай тіршілігіміз жалғасып, мен екі жылдан соң қызымды өмірге әкелдім. Содан бастап бар махаббатым қызыма ауып, күйеуіме көңіл бөлмей қойған шығармын. Ол да бір себеп болуы мүмкін.

Қызым екі жасқа келгенде біз ажырастық. Қайынатаммен бірге тұратын едік. Ол кісі шешімімізді естігенде көзіне жас алып, жылап қалған болатын. Ақылын да айтты, әрине. Ол кісін әлі күнге дейін құрметтеймін, жақсы көремін. Жолдасым екеуміздің ажырасуымызға ол кісінің түк те кінәсі жоқ қой.

Өте балажан кісі болатын. Мен қызымды алып үйден кетіп бара жатқанымда "Енді Айзеремсіз қалай өмір сүремін? Мен оны ешқашан көрмеймін бе?" деп солқылдап жылағанда өзім де қосыла жылағам. «Ата, олай демеңіз, Айзере сіздің немереңіз. Қашан көргіңіз келсе де көре аласыз. Сағынсаңыз, маған қоңырау шалыңыз, әкеліп, көрсетіп тұрамын» деп уәде беріп кеттім.

Содан кейін атам екеуміздің қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Қызымның әкесінен оншалықты мейірім мен махаббат көрмесем де, атамның немересіне деген махаббатына таң қалдым.

Қазір қалада пәтер жалдап тұрып жатырмын. Қызым да өсіп қалды. Өзім жұмыс істеп, жалғыз қызымды қатарынан кем қылмауға күш салып келемін.

Ал атам болса, үнемі бізден хабар алып, кем-кетігіміздің орнын толтырып беріп отыр. Қызым да атасын қатты жақсы көреді. Заңды түрде ажырасқан соң, күйеуім қызына алимент қана төлеп тұрғаны болмаса, басқа артық көмек бермейді. 2-3 айда бір рет, қысқа уақытқа ғана келіп кетеді қызын көру үшін.

Ал атам, әр ай сайын зейнетақысын алғанда қалаға бізді іздеп келеді. Өзі ауылда тұрады, әр келгенінде ауылдың құрт-майын, жеміс-жидегін әкеледі.

Қызымды ойнатып, одан бөлек дүкенге апарып, қалаған затын сатып алып береді. Кетер кезінде қолына ақша ұстатып, "Мектептен бірдеңе сатып алып же, қарның ашып қалмасын. Ендігі келгенімше жетпей қалса, маған қоңырау шал, сұрағаныңды салып жіберемін" дейді.

Қызымның мектептегі жетістіктеріне балаша қуанып, мәз болады. Жәй ғана «Құтты болсын!» деп қоя салмай, көрімдікке деп тағы ақша салып жібереді.

Көз тимесін, атам осындай керемет жан. Қазір мен үшін қайыната деген статусы жоқ болса да, ол кісіні әлі жақсы көргендігім сонша, "бұрынғы қайынатам" деп айта алмаймын. Қалаға келген сайын бұрынғыдай сәлемімді салып, дастархан жайып күтіп аламын.

Басында қызымның әкесіне ашулы болғаным рас. Кейін ойлана келе атасының немересін іздеп, жақсы көретінін көріп, қуанатын болдым. Шыны керек, қызымды әкесі бұлай жақсы көрмейді. Қазір атасы ауылдан келсе, шайымды қойып, тамағымды істеп, жақсылап күтіп аламын. Ажырасқаным есімнен шығып кетеді, шыны керек. Қызым да өз қанынан алыстамай, туған-туыстарымен атамның арқасында жатбауыр болып кетпей, араласып тұрғаны үшін қуанамын.

Ересектердің шешімі баланың өміріне кері әсер етпегені дұрыс. Сондықтан, менің атам көрегенділігіне салып, осы үрдісті сақтап қала алды."