"Келін ұлымды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды"
Сурет: lublu.lv
ERNUR.KZ тілшісіне мұңын шаққан ана "Маған күйеу керек емес, бір баламды өзім-ақ жеткіземін" деп өзімшілдеу болған сияқтымын. Ал ұлыма ер-азаматтың тәрбиесі жетіспей қалғандай" деп үлкен өкініші барын жеткізді.
"Менің осы қателігімді қайталамас үшін, әсіресе ұл өсіріп отырған жалғызбасты аналарға сабақ болсыншы" деген тілегін айтты.
"Жалғызбасты анамын. Бір түйір ұлым бар. "Бар өмірімді арнап, жастығымды құрбан етіп өсірдім, енді осы ұлымнан рахат көремін, келін әкеледі, немере сүйемін" деп армандап едім. Осы жалғыз ұлымның ұрпағы көп болса, мен ортасында жайқалған бәйтеректей болып отырсам арманым жоқ еді.
Бірақ, қазақ атам текке айтпайды екен ғой нақыл сөздерін. «Балам жаман болса да, келінім адал болсын, келінім жақсы болсын!» деп тілейтін үлкен ата-әжелердің сөздерін жас кезімде ұқпадық. Басыма түскен соң ғана түсініп отырған жайым бар.
"Жалғыз ұлым, әкесіз өсіп жатыр" деп мен оған барынша қамқор болдым. Асты-үстіне түсіп, бар жағдайын жасадым. Бір сөзбен айтқанда ұлымның алдына өзім түсіп алып, шапқылап жүре беріппін. Ананың мейірімі осындай болар деп ойлағаным ғой. Алайда, өзім де сезбеппін, мен ұлымды нағыз ер азамат, қайсар мінезді, қайратты, бір сөзді етіп тәрбиелей алмаппын. Бір сөзбен айтқанда ақсаусақ, ауыр істерге икемсіз етіп өсіріппін.
Ер адам өзінің бір саты жоғары екенін сездіре алуы керек. Менің осы ойға келуіме баламның өз өзін қолға алып, әйеліне сөзін өткізе алмағандығы себеп болып отыр. Кейде таңдаған жарынан қателесті ме деймін. Әлде басқаны алса да өзінің өктемдігін көрсетіп, әйелді басқара алмайды ма екен деп ойлаймын. Әйтеуір келінімнің ер-азаматын сыйламайтыны, шаптығып бетінен алып, төсіне шабатыны ұнамайды.
Маған ғана емес, кез келген анаға бұл жағдай ұнамайды деп айта аламын. Бетіне қарап өсірген жалғыз ұлым. Сол жалғызымнан бөлек менің жанашырым жоқ. Жолдасым өмірден ерте кетіп, жастай жесір қалдым. Баламды жалғыз өсіруді маңдайыма жазып қойған екен, көп қиналдым. Қайта тұрмысқа шығуды мүлде ойға алмадым. Оны өмірден өткен жолдасыма деген сатқындық деп білдім. Әйтпесе, әке-шешем көздері тірісінде талай рет айтты. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан, қызым. Басың жас, жаныңды түсінер ер-азамат болса, етегінен ұста. Ұлың ес білмей тұрғанда тұрмысқа шық. Артынан бауырлары ерсе, ол да туған әкесіндей көріп, жатсынбай өседі. Бала кезінен бауырында өскен соң, ол адам да өз баласындай қабылдап кетеді» деген сөздерді тыңдамадым. Бірақ сол уақыттағы шешіміме кейін өкінетін сәттерім болды. Шынымен де жалғыздықты сезініп, жаным жабырқаған кездерде.
Өкінгенмен не пайда? «Біреудің баласы біреуге бала болмайды» деген сөзді миыма мықтап құйып алғанмын. "Маған күйеу керек емес, бір баламды өзім-ақ жеткіземін" деп өзімшілдеу болған сияқтымын. Ал ұлыма ер-азаматтың тәрбиесі жетіспей қалғандай.
Қазір келінім ұлымды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Мен бірдеңе десем, аузымды жауып тастауға тырысады. Сосын мен де «аш құлақтан тыныш құлақ» деп үндемейтін болдым. Бірақ «әйел бастаған көш оңбас» дегендей, біздің үйдегі билік келінімнің қолында болған соң, берекеміз жоқ. Енді барлығы кеш, мен тәрбиені қолдан жіберіп алдым. Менің осы қателігімді қайталамас үшін, әсіресе ұл өсіріп отырған жалғызбасты аналарға сабақ болсыншы."


