Егер аяқкиімсіз жаттығу жасауға мүмкіндік болса, жалаңаяқ айналысыңыз.
Ірі брендтер жыл сайын спорттық аяқ киімнің жаңа топтамаларын шығарады. Модельдермен көптеген мамандар жұмыс істеп, амортизацияны жақсартуға, жылдамдықты, секіру қабілетін арттыруға және басқа да көрсеткіштерді жетілдіруге тырысады. Алайда кейде спорттық нәтижелерге басымдық беру аяқ киімнің эргономикасына кері әсерін тигізеді.
Сонымен қатар, адамдардың физиологиясы әртүрлі екенін ұмытпаған жөн. Біреулер әбден мақтаған бір аяқкиім моделі сізге мүлде сай келмеуі ықтимал. Ендеше, дұрыс кроссовканы қалай таңдаймыз?
Мұрын бөлігінің трапеция тәрізді пішіні
Аяқ киімнің ішінде саусақтар қысылмауы тиіс. Табан еркін жайылып, әр саусақ бүгіліп-жазыла алуы өте маңызды.
Иілгіш табан
Ол оңай бүгіліп, тіпті бұрағанда ширатылатын болуы керек. Мұндай аяқ киімде табан өзінің табиғи амортизациялық қызметін сақтайды, ал жүктеме тізе буындары мен белге өтпейді.
Дұрыс өлшем
Егер оң және сол аяғыңыздың өлшемі әртүрлі болса, үлкен өлшемдісін алыңыз. Бір аяққа сәл кеңдеу болғаны ештеңе етпейді. Ал кіші өлшемге сүйеніп бір аяққа шақ қылып, екіншісін қысып қою зиян.
Жарамайтын нұсқалар:
- Тым жалпақ табан. Кедалар мен табаны мүлде тегіс модельдер жалпақтабандылық пен остеохондроз қаупін арттырады, сондай-ақ ісінуге әкелуі мүмкін. Жаттығу жасағанда киюге олар жарамайды.
- Тұмсығы жоғары қарай қайқайған аяқ киім. Бұл модельдер арнайы жүгірушілерге арналған. Оларда жылдамдық артқандай сезіледі, бірақ үлкен башпайдың қозғалысын шектейді. Нәтижесінде бүккіш және жазғыш бұлшықеттер арасында тепе-теңдік бұзылып, тізе, жамбас буындары мен бел ауыра бастайды.
- Алдыңғы бөлігі қатты күшейтілген, қатқыл тұмсық. Табанды қатты бекіту жақсы сияқты көрінеді, алайда іс жүзінде ол буындардың қозғалысын шектейді. Жүктеме жоғарыға ауысып, мойынға дейінгі бұлшықет тізбегі бойынша жайсыздық тудыруы мүмкін.
- Тым тар аяқ киім. Киіп көргенде ұлтарақты шығарып, оның үстіне аяғыңызды қойыңыз. Егер табан шетінен шығып, еденге тиіп тұрса — кеңірек модель іздеңіз.
- Трендтегі “ұсқынсыз кроссовкалар”. Мұнда мәселе сыртқы көріністе емес, табанының қалыңдығында. Ол соншалықты қалың болғандықтан, мүлде иілмейді. Спортпен айналысу үшін — ең сәтсіз нұсқа.
Егер аяқ киімсіз жаттығу жасауға мүмкіндік болса, жалаңаяқ айналысыңыз. Үйде, тіпті кейбір залдарда да кроссовка кимей жаттығуға болады.
Дұрыс аяқ киім табан денсаулығы үшін маңызды. Бірақ одан да маңыздысы — табанның функционалдылығын сақтау үшін тұрақты жаттығулар жасау.
Дайындаған: А. Мейірханқызы,


