"Енемнің бір ауыз сөзіне ол кісілердің мен үшін қандай маңызды, жақын адам екенін түсіндім"
Сурет: i.pinimg.com
Қыз баланың жолы да, тағдыры да жеңіл емес. Ол тұрмысқа шыққанша ата-анасы уайымдайды. «Үкілеп, мәпелеп, төбесінен құс ұшырмай өсірген қызымыз қандай жерге тап болады екен? Сеніп тапсырған күйеу баламыз алақанында аялай ала ма? Ата-енесі, туыстары қандай жан болып жолығар екен?» деген сұрақтар әрбір қыз өсіріп отырған ата-ананы алаңдатпай қоймайды.
Тұрмысқа бергеннен кейін де «Барған жеріне тастай батып, судай сіңіп кетсе екен. Тынып-тыншып, өзімен-өзі бақытты өмір сүрсе екен» деп Алладан сұрайды.
ERNUR.KZ порталының оқырманы - Аймереке ата-анасының осындай ақ тілеуі ақталған жан, бақытты жар, сыйлы келін екенін баяндайды.
"Мен бүгін өзімнің бақытты келін екендігімді сезініп, өте керемет жанұяға келін болғанымды мақтанышпен баяндап берсем деп отырмын.
Жолдасым екеуміз танысып-білісіп, бір-бірімізді ұнатып үйлендік. Оны толық зерттеп-біліп, жақсы көріп тұрмысқа шықтым десем де, басқа туыстары, ата-анасы қалай екен, мен ол жерге сіңіп кете аламын деген ойлар маза бермеді. Бірақ, алғашқы айлардағы адаптация мен ойлағандай аса қиын болған жоқ. Өйткені, ата-енем бірден бауырына тартып, мені өте жылы қарсы алды. Қайын інілерім мен қайынсіңлілерім де сондай керемет, жанымды баурап, өздері маған жақындай түсті.
Осы бақытыма көз тимесін деп өз өзімнен қуыстанып та жүрдім. Барлығы бірден тым жақсы болуы да мүмкін емес қой, Алла осы бақытымнан айыра көрме деп күндіз-түні тіледім. Тілегім қабыл болғанына жақында көзім жетті.
Қазір алтындай екі ұлдың анасымын. Осы уақытқа дейін бір-біріміздің көңілімізге келер сөз айтып көрмеппіз, ұрыспақ түгілі. Әрине, қанша жерден бәрін жақсы, дұрыс жасауға тырыссам да, адаммын ғой, кейде ұсақ-түйек кемшіліктер орын алып тұрады. Өз міндетімді дұрыс атқара алмай, ұялып жүрген кезімде енем де, атам да «Ештеңе етпейді қызым. Ондай-ондай ханның қызында да болады. Шаршаған шығарсың, таңғы шәйімізді өзіміз де қойып іше аламыз. Сен оған алаң болма. Үй шашылса, жиналар, ыдыс қалса, жуылар. Ең бастысы, денің сау болсын, немерелеріме дені сау ана керек» деп көңілімді көкке көтеріп қоятын. Сол кісілердің осындай ықыласына лайықты мен де құрмет көрсеттім.
Келін болып келген алғашқы жылы туған күнімде ата-енем алтын браслет сыйлаған болатын. Жалпы, жаңа түскен жас келінге алтын сыйлайтын ата-енелер аз ғой. Бар болса да, жағдайлары жеткен соң, сыйлайды. Ал менің ата-енем ондай бақуатты тұратын кісілер емес. Тек қана өздерінің зейнетақылары бар, орта дәулетті отбасымыз. Соған қарамастан, мені қуанту үшін екеуі ақылдасып, зейнетақыларын қосып, маған алтын сыйлаған еді. Қатты қуандым.
Енді сол білезігімді туыс сіңлімнің ұзату тойына барғанда жоғалтып алдым. Қалай қолымнан түсіп қалғанын білмеймін. Той бітпей жатып-ақ, қолымдағы алтын білезіктің жоқ екенін байқап, жүрегім зырқ ете қалды. Іздемеген жерім жоқ. Адамдар той тойлап, билеп жүргендерімен шаруам жоқ, көңіл-күйім түсіп кеткен, алтынымды іздеп жүрдім.
Той да аяқталды, қызды ұзатып жібердік. Енді үйге қайтатын уақытта күйеуіме, енеме қалай айтам деп қорықтым. Өзім сатып алған немесе төркінім әкеліп таққан алтын болса, жауабым дайын еді. Бірақ, олардың маған сыйлаған сыйлығы ғой, ұрысса ше, ренжісе ше деп қатты қиналдым.
Қазір айтпасам, кейін «неге сол кезде айтпадың?» деп ренжитін шығар деген ой болды. Содан бар күшімді жинап, алдымен енеме айттым. Сондағы енем мен күйеуімнің айтқан сөздерін өмір бойы ұмытпаймын…
Енемнің айтқаны:
- Ештеңе етпейді, бар жамандық сонымен кетсін. Өзің алтынсың ғой, қызым. Алла қаласа, әлі талай алтын сыйлаймыз, – деді.
Жай ғана мені тыныштандырып, жұбату үшін емес, шын жүрегімен айтқанда көзімде іркіліп тұрған жасымды жібере салдым. Енемнің бір ауыз сөзіне ол кісілердің мен үшін қандай маңызды, жақын адам екенін түсіндім.
Сәлден соң жолдасыма айттым. Ол да сабырлы, жылы үнмен «Соған бола мұңайып тұрсың ба? Құрысын, көңіліңді түсірме. Бәрі жақсылыққа. Бұйырмаған шығар» деп жұбатты. Сол сәтте жүрегім шым ете қалды. Сол сәтте мен мына нәрсені түсіндім, менің ең үлкен байлығым - қолымдағы алтын емес, қасымдағы осындай асыл адамдар! Өмірімде ең үлкен джекпот ұтып алғанымды ұқтым.
Ол білезікті мен үшін өте қымбат естелік болатын. Бірақ дәл сол сәтте ұқтым, алтын жоғалса, орны білінбейді. Ал жүректі жылытар сөздер мен жанымдағы адамдардың мейірімі ештеңеге тең келмейді. Көңіл-күйім түсіп тұрған еді, бірден жадырап шыға келдім. Қайта шүкіршілікке толып, жүрегім жылып сала берді. Аллаға мың алғыс, шын байлық – осындай адамдардың жанымда болуы! "


