Әкімдік балалар үйін Алматыдан Қонаевқа көшіру туралы шешімін өзгертті

0
166

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездескені белгілі болды.


Әкімдік балалар үйін Алматыдан Қонаевқа көшіру туралы шешімін өзгертті

Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыдан қала сыртындағы жаңа ғимаратқа көшірілмейді, деп жазады tengrinews.kz.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездескені белгілі болды. Жағдайды жан-жақты зерттеу мақсатында облыс әкімі балалар үйінің өкілдерімен, оның ішінде директор Роза Бекішева, педагогтар және тәрбиеленушілермен кездесу өткізген. Талқылауға Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, Қонаев қаласының әкімі және тиісті ведомство өкілдері қатысты.

Бұған дейін білім басқармасының басшысы Салтанат Дауысбекқызы мекемеге барып, ондағы жағдаймен танысып, қызметкерлердің көшу және жұмыс орындарын сақтау мәселелері бойынша пікірлерін тыңдаған болатын.

"Біздің мақсатымыз – балалар өзін қауіпсіз сезініп, жан-жақты дамуы үшін қолайлы орта қалыптастыру. №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда қалады, ал жаңадан келетін балалар Қонаев қаласындағы заманауи кешенге орналастырылады", — деп түйіндеді Марат Сұлтанғазиев.

"Балалар Алматыда қалғысы келетіндерін айтты, өйткені жаңа ортаға бейімделу және әлеуметтік ортадан ажырау олардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Бұл фактор шешім қабылдауда басты назарға алынды", дейді Марат Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар, облыста жаңа балалар үйінің құрылысы жалғасып жатыр. Жалпы ауданы 4000 шаршы метрді құрайтын заманауи ғимарат 240 орынға есептелген. Онда жайлы тұрғын бөлмелер, оқу сыныптары және демалыс аймақтары қарастырылған. Жақын маңда 900 орындық мектеп орналасқан, ал балаларды тасымалдау үшін арнайы автобус бөлінеді. Кешеннің ашылуы жаз айларына жоспарланған. Бұдан бөлек, жаңа ғимараттың бір бөлігі инфрақұрылымдық мәселелерге тап болған Нүсіпбаев атындағы интернатқа беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері өз мекемесінің Алматыдан Қонаев қаласына көшіріліп жатқанын айтып шағымданған болатын. Олардың бейне хабарламасы әлеуметтік желілерде пайда болды.