Ақмола облысында боранда жолда қалған адамдар пойызбен эвакуацияланды

0
768

Қар құрсауында қалған 105 адам, оның ішінде 28 бала жылту орындарына эвакуацияланды.


Ақмола облысында боранда жолда қалған адамдар пойызбен эвакуацияланды

ERNUR.KZ «Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті» автожолында боранда жолда қалған адамдарды эвакуациялау үшін ҚР «ҚТЖ» ҰК» АҚ-нан пойыз тартылды, деп жазады inform.kz

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, «Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті» автожолында қар құрсауында қалған 105 адам, оның ішінде 28 бала жылту орындарына эвакуацияланды. «Ақмола және Павлодар облыстарының шекарасындағы Ерейментау ауданы аумағында қатты бұрқасын болып, автожолдарда көлік қозғалысын қиындатты.

«Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті» автожолында боранда жолда қалған адамдар жылыту орындары мен тұрғын үйлерге жайғастырылды. Кейін олар Өлеңті станциясы арқылы ҚР «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның пойызымен тұрғылықты жерлеріне жіберілді. Жалпы, бұған дейін Өлеңті станциясына пойыз аялдамайтын еді. Бұл жолы құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың ҚР «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен арадағы уағдаластық арқылы жүзеге асырылып отыр»,
- деді ТЖД баспасөз қызметінен.

Эвакуацияланғандардың бірі Ғалия Қыдырова қиын жағдайда жедел көмек көрсеткен Ерейментау ауданының тұрғындары мен құтқарушыларына, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне алғысын білдірді.
«Ерейментаулықтарға шынайы алғысымды білдіремін. Олар бізді құтқарып қана қойған жоқ, үйлеріне орналастырып, ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Кейін пойызға отырғызып үйімізге шығарып салды», - дейді ол.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, наурыз айының соңына дейін өңірде тұрақсыз ауа райы сақталады. Тек сәуір айының бірінші онкүндігінің соңына қарай күн жылына бастайды. Сол себепті, Ақмола облысының ТЖД қызметкерлері өңір тұрғындарына ауа райының жайсыздығын ескертіп, елді мекендерден тыс жерлерге шықпауды сұрайды.