Полиция оның транзиттік мемлекеттік нөмірлері бар автокөлігін тәркілеп, айып тұрағына қойды.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында жас жігіт Ойыл ауылы әкімдігі ғимаратының алдында BMW көлігімен дрифт жасаймын деп басы дауға қалды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Жолмырзаев пен Құрманов көшелерінің қиылысында болған. Оның бұл ісі өзгелердің тыныштығын бұзды. Полиция жас жігіттің кім екенін анықтады. Ол Ақтөбе қаласының 2002 жылы туған тұрғыны болып шықты.
Полиция жас жігіттің транзиттік мемлекеттік нөмірлері бар автокөлігін тәркілеп, айып тұрағына қойды.
«Жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен жас жігітке 86 мың тенгеден астам әкімшілік айыппұл салынды», – делінген ПД хабарламасында.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай әрекет қоғамның тыныштығын бұзып қана қоймай, өзгелердің қауіпсіздігіне қатер төндіреді.


