Ақмола облысында киіктер мыңдаған гектар егінді таптап кеткен

0
1 201

Ашынған диқандар қорықшылармен атысуға шақ қалып жүрген көрінеді.


Ақмола облысында киіктер мыңдаған гектар егінді таптап кеткен

ERNUR.KZ. Ақмола облысының диқандары миллиондар емес, миллиардтаған теңге шығынға батуымыз мүмкін деп дабыл қағуда. Облыстағы егістік алқаптарын жабайы киіктер таптап кеткен, деп жазады Azattyq Ruhy

Егіндікөл ауданындағы шаруа қожалықтарының біріне иелік ететін Нұржан Бисимбаев 500 гектар алқапқа егілген егінімді киіктер таптап кетті дейді. Ашынған диқандар қорықшылармен атысуға шақ қалып жүрген көрінеді.

«Биыл еткен еңбегім зая болды. Тек менің ғана 500 гектардан астам егінімді таптап кетті. Жақын маңдағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің де егіндері киіктердің тұяғының астында тапталып жатыр. Біздің маңайдағы Абай, Жаманқұлақ ауылдық округтарындағы серіктестіктер орасан мөлшерде зиян шекті. 10 шақты шаруа қожалығы мен серіктестіктердің ғана 5000 гектардан астам егінін жермен-жексен етті. Орта есеппен, бір гектарына 10 центнер өнім аламыз деп есептегеннің өзінде, 450 миллион теңгеден астам шығын болды. Биыл өзіңіз де байқап отырсыз, сорымызға қарай, күн қатты ыстық болып, жауын-шашын аз болды. Бізге мемлекет тарапынан қолдау қажет. Киіктерді басқа жаққа жер аудартып, не болмаса зиян шеккендерге субсидия бөлінсе екен дейміз. Қорықшылар түк жұмыс істемейді. Ал, біз киіктерді қусақ қарсы шығып, заңмен қудалаймыз деп қоқан-лоққы көрсетеді. Әбден қорқытып болды. Енді сотқа беруден басқа амалым қалмады», - дейді Егіндікөл ауданындағы «Арма-Вир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нұржан Бисимбаев.

Оның айтуынша, аталған мәселе жылдар бойы диқандардың бас ауруына айналған екен. Киіктер егіннің үстін жайпап, тіпті жатып алатын көрінеді. Қызыл кітапқа енгізілгендіктен атуға заңмен тыйым салынған. «Еш қайран қыла алмай, жігеріміз құм болды», - дейді шаруалар.

Аталған проблеманың бар екенін Егіндікөл ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жарасбек Жақанов та растап отыр.

«Биыл аудан диқандары 10 мың гектардан астам алқапқа егін сепкен. Егіндікөл ауданында ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілері орасан зор зиян шегіп отыр. Әсіресе, «Қоржынкөл», «Бауманское», «Арма-Вир», «Ушаков Агро», «Алтын Дән» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің егістік алқаптарын киіктер тақырлап жеп кетті. Қорықшылар киіктерді қызғыштай қорып, шаруашылық серіктестіктеріне қуғызбайды. Ауданның аграрлық серіктестіктері де, біз де Ақмола облысының әкімдігіне, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалдарына хат жаздық. Облыс әкімдігі орман, балық және аң шаруашылығы комитетіне хат жазды. Бірақ мәселенің әлі шешімін табатын түрі көрінбейді», - деді Жарасбек Жақанов.

Мәселенің анық-қанығын анықтау үшін облыстағы тиісті органдардың басшыларымен тілдесуді ұйғардық. Киік еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Жойылып бара жатқан жануарлардың қатарына кіреді. Оларды атуға 2023 жылға дейін мораторий жарияланған.

«Ақмола облысына биыл 70 мыңнан астам киік ауып келді. Әсіресе, Нұра, Қорғалжын, Бетпақдала жақтан біздің өңірге келіп пана тапты. Сәуір-мамыр айларында олар қозылайды. Бір киік екі кейде үш төлді дүниеге әкеледі. Қазір шамамен алғанда, 130-140 мыңға жетіп қалуы тиіс. Әрине, заң оларды атуға тыйым салады. Шаруаларды түсінуге болады. Егіндері тапталып, орасан зор зиян шегіп жатыр. Біздегі қолда бар деректер бойынша, Атбасар, Қорғалжын, Егіндікөл, Астрахан, Жақсы, Егіндікөл аудандарының диқандары айтарлықтай зардап шеккен. Киік жайылатын, қолайлы жерлерге қоныс аударатын жануар. Диқандарға егіндерін күзетіп, мотоцикл және басқа да көліктермен күні-түні қорулары қажет. Мәселен, Атбасар ауданындағы «Сепе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егінін киіктен қорғау үшін күзетшілеріне мотоцикл мінгізіп, күніне 10 мың теңгеден төлем жасайды. Киіктер үй жануарлары сияқты емес. Адамның қарасын көрсе бірден көзден таса болады. Сондықтан, егіндерін бақылап, күнделікті торуылдағандары жөн» - дейді облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов.

ҚР Жер кодексінің 65-бабына сәйкес, киіктер – жойылып бара жатқан жануарлар түріне жатады. Сондықтан Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы төрағасының бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағында киіктерді ғылыми мақсаттардан басқа қолдануға тыйым салынған. Бір киік басы үшін 6 миллион 250 мың 500 теңге сомасында айыппұл салынады.

Миллиондап шығынған батқан диқандар мемлекеттен көмектің қажет екенін айтуда. Ал саланы басқаратын комитет шаруаларға егіндерін қоршап, киіктерден қорғануға кеңес берді.

«Киік – жабайы жануар. Олар бұған дейін де осы жерді мекендеп келді. Ауыл шаруашылығымен айналысатын фермерлер мен диқандар өз аумақтарын қоршауға алып, қорғануы қажет», - дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.

Диқандар қорықшыларды кінәлағанымен, «Охотзоопром» ӨБ орталық өңірлік филиалының басшысы Айбек Әліпбайдың айтар өз уәжі бар. Оның сөзінше, тиісті жер көлемінің аса үлкен болуы, сонымен қатар, инспекторлардың аздығы көп жағдайда қолбайлау болады.

«Киік бір жерден екінші жерге көшіп жүретін жануар. Қазіргі уақытта киіктердің миграциясы өзгеріп жатыр. Қорықшылар күндіз-түні жануарлар дүниесін қориды. Біздің негізгі міндетіміз – жануарлар әлемін қорғап, құқық бұзушылықтың алдын алу. Орталық өңірлік филиалға 4 облыс қарайды. Жалпы, 51 миллион гектардағы жануарлар дүниесіне бақылау жасаймыз. Қарауымыздағы жерлердің бір шеті Балқаш көліне, Жамбыл облысына, батыста Ақтөбе облыстарына дейін жетеді. 51 миллион гектар жерді 51 инспектор ғана бар. Сондықтан барлығын толықтай өз бақылауымызға алуға еш мүмкіндігіміз жетпейді. Біз үлгере бермейміз. Ал, диқандарға айтар кеңесім – киіктерді қуып отыру керек. Киік ежелден алдын бермейтін киелі жануар. Біз ауылшаруашылық серіктестіктеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жиналыстар ұйымдастырып келеміз», - деді Айбек Әліпбай.

Осылайша, өңірде шаруалардың сөзін сөйлейтін ешкім табылмады. Киікті атуға болмайды, мүмкіндік болса қуу керек немесе тағы шығындалып, қоршау тұрғызуы керек.