Халықаралық "SAT" тестінен жоғары балл жинау әлем бойынша аз кездесетін көрсеткіш
сурет: жеке мұрағаттан
SAT емтиханынан 1600 балдың 1600-ін жинау – көпшілік үшін қол жетпейтін, тіпті «мүмкін емес» сияқты көрінетін нәтиже. Әсіресе Қазақстандағы қарапайым мектепте оқитын оқушы үшін мұндай көрсеткіш көбіне ерекше дарынмен, халықаралық олимпиадалармен немесе элиталық біліммен байланыстырылып жатады.
Бірақ жақында дәл осындай нәтижеге қол жеткізген қазақстандық оқушы Жанабек Садықтың тарихы бұл түсінікті сәл өзгертетіндей. Өйткені оның жолы бірден мінсіз болмаған. Ол бастапқыда жоғары позициядан бастамаған, олимпиадалық базасы болмаған, тіпті алғашқы нәтижелері де «болашақта 1600 алады» деп болжайтындай деңгейде көрінбеген.
Көп адам SAT-тің максималды ұпайын көргенде нәтижені ғана байқайды, бірақ оның артындағы процесті ескере бермейді. Жанабектің тарихындағы маңызды нәрсе – дәл осы процесс. Ол қарапайым мектепте білім алған, SAT-ке дайындықты бастаған кездегі нәтижелері 1170–1230 балл аралығында болған. Ал алғашқы пробный тестілерінде көрсеткіші небәрі 60–65 пайыз деңгейінде еді. Бұл – әлемнің үздік университеттеріне түсуге дайындалып жүрген көптеген талапкердің бастапқы деңгейіне өте ұқсас көрсеткіш. Яғни оның жолы «бәрін бірден білетін үздік оқушының» тарихына емес, керісінше біртіндеп өскен оқушының тәжірибесіне көбірек келеді. Осы тұста маңызды сұрақ туындайды: егер бастапқы нәтиже орташа деңгейде болса, онда 1600-ге қалай жетуге болады?
Білім беру саласындағы сарапшылар жоғары академиялық нәтижелердің көп жағдайда тек қабілетке емес, жүйелі дайындыққа тәуелді екенін жиі айтады. Әлемдік тәжірибеде де стандартталған тестілерден жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлердің басым бөлігі тұрақты дайындық, нақты стратегия және қателермен жұмыс істеу арқылы алға шыққан. SAT – тек білімді емес, сонымен қатар уақытты басқаруды, логикалық ойлауды, мәтінмен жұмыс істеуді және психологиялық төзімділікті тексеретін емтихан. Сондықтан бұл жерде «ақылды болу» жеткіліксіз; дұрыс жоспар, тәртіп және ұзақ мерзімді жүйе маңыздырақ рөл атқарады.
Жанабектің өзі бұл жетістігін ерекше дәл сипаттайды: «Мені талант емес, жүйе – курстар, ата-анам, ортам алып шықты. Барлығы бірге жұмыс істеді».
Бұл сөздің астарында қазіргі білім беру жүйесіне қатысты маңызды ой жатыр. Көп жағдайда қоғам талантты бәрінен жоғары қояды да, еңбектің, ортаның және қолдаудың әсерін төмен бағалайды. Бірақ жоғары нәтиже көбіне жалғыз адамның күшімен келмейді. Оқушының жанында бағыт беретін мұғалім, эмоционалды қолдау көрсететін ата-ана, мақсатқа итермелейтін орта және тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жүйе болады. Әсіресе халықаралық емтихандарға дайындық кезінде бұл факторлардың әсері өте үлкен.
Тағы бір маңызды мәселе - көп оқушы өз нәтижесіне ерте үкім шығарып қояды. Бірнеше пробный тестіден төмен балл алса, «маған шетелдік университет бұйырмайды», «SAT мен үшін емес» деген ой қалыптасады. Ал шын мәнінде, бастапқы көрсеткіш – соңғы нәтиже емес. Жанабектің тарихы осыны дәлелдейді: 1170–1230 баллдан бастап, біртіндеп жүйелі жұмыс арқылы максималды 1600-ге жету – академиялық өсудің нақты мысалы. Бұл оқиға талапкерлерге «мінсіз бастау» емес, «дұрыс жалғастыру» маңызды екенін көрсетеді.
Әрине, SAT-тен 1600 жинау - өте сирек нәтиже. Бұл әлем бойынша да аз кездесетін көрсеткіштердің бірі. Бірақ мұндай жетістіктің ең маңызды жағы – санның өзінде емес, оның артындағы ойда. Егер қарапайым мектепте оқыған, бастапқыда орташа деңгейде нәтиже көрсеткен оқушы ең жоғары ұпайға жете алса, онда көптеген талапкер үшін де мүмкіндік бар деген сөз. Ең бастысы – алғашқы нәтижеден қорытынды жасамау, жүйелі дайындалу және өзіңді өзгелермен емес, кешегі өзіңмен салыстыру. Кейде үлкен жетістік бір сәттік таланттан емес, күн сайын қайталанған кішкентай қадамдардан құралады.


