37 жастағы әйелдің бірнеше жылдан бері арнайы тіркеуде тұрғаны анықталды
ERNUR.KZ. Ақмола облысында АИТВ инфекциясын жұқтыру бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп жазады Azattyq Rýhy.
Қылмыс туралы хабарлама Целиноград полиция бөлімінің кезекші бөліміне 2021 жылғы 6 ақпанда түскен. 43 жастағы ер адам алты ай бұрын бір әйелмен танысқанын және онымен алты айға жуық жақын қарым-қатынаста болғанын айтқан.
«Ақпан айының басында жәбірленуші АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырғанын біледі. Кейін өзі жүріп жүрген 37 жастағы әйелдің бірнеше жылдан бері АИТВ-жұқпасымен тіркеуде тұрғанын анықтайды. Әйел қауіпті жұқпалы аурумен ауыратынын біле тұра өзіне әдейі жұқтырды деп қорытынды жасаған ер адам оны жауапқа тарту үшін полицияға жүгінді», - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері тергеу барысында күдікті әйелге өз ағзасында АИТВ-инфекция туралы біле тұра, басқа адамға жұқтырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертілгенін анықтады.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 118-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс (адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтыру) белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталмыш бапта бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғарғы жаза көзделген.