Ақмолалық кәсіпкер Атбасарда «ақылды» ауыл салмақшы

0
954

Инвестор ауылды цифрландыру жұмыстарын жергілікті мектептен бастады.


Ақмолалық кәсіпкер Атбасарда «ақылды» ауыл салмақшы

ERNUR.KZ. Ақмолалық кәсіпкер Атбасар ауданында шаруашылық жүргізіп отырған елді мекенді «ақылды ауылға» айналдыруды көздеп отыр. Бұл туралы өңір басшысы Ермек Маржықпаевтың Атбасар ауданына сапары кезінде айтылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Сапары барысында өңір басшысы алдымен аудандағы ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші, Покровка ауылында орналасқан «Әріп-Агро» серіктестігінде болды. Шаруашылық ауданда «ақылды» ауыл салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа серіктестік басшысы Уәлихан Әріпов айтып берді.

«Мен ұлым Ғалымжанға айттым: «Иван Адамович Сауэр осыдан 50 жыл бұрын республика бойынша үлгілі атанған ауылдың құрылысын бастады. Ал, сен әлі 30-да ғанасың. Бұл агроқалашық болады. Бірінші кезекте, біз өз жұмысшыларымыз үшін 50 жеке тұрғын үй салатын боламыз», - деп өзінің алдағы жоспарымен бөлісті Уәлихан Әріпов.

Инвестор ауылды цифрландыру жұмыстарын жергілікті мектептен бастады. Білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, роботтехникасы, ІТ – сыныптары жабдықталды. Бүгінгі таңда аталмыш білім ордасы еуропалық стандартқа сай жабдықталған аудандағы ең үздік мектептер қатарында.

Сонымен қатар, кәсіпкер ауыл аумағында құны 1,5 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Яғни, 2020 жылы экологиялық таза сұлы қауызын өндіретін зауытты іске қосылады. Шикізат «Әріп-Агро» серіктестігінің өз егістік алқаптарынан алынады. Жабдықтарды дақылдарды терең өңдейтін Швейцарияның Bühler компаниясы орнатып береді.

Облыс басшысы ауылды цифрландыру бастамасын қолдайтындығын, сондай-ақ, жоба жүзеге асырылған кезде еңбек өнімділігі артып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы артатынын атап өтті.

Ауылда ауыз су мәселесі көп жылдан бері түйіткілді болып келді. Меценат Әріпов бұл мәселені шешуді қолға алды. Шаруашылық субъктілерінің қаражатына жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп қойған. Өткен жылы суқұбыры желісінің құрылысы үшін респбликалық бюджеттен 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Мердігерлер қыркүйек айында ауыл тұрғындары таза ауыз суына қол жеткізеді деп отыр.

Бұдан кейін, облыс әкімі Атбасар қаласында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арналып салынған көппәтерлі 12 тұрғын үйдің құрылысы, автомобиль жолдарын қалпына келтіру және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған 45 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жұмыстарына назар аударды.

Осы орайда, аудан әкіміне Аманбек Қалжановқа құрылыс жұмыстарын бақылауға алып, мердігерлердің жұмысты сапалы әрі кестеге сай жүргізуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар, облыс әкімі машинақұрылысы саласындағы ірі кәсіпорын «Қамқор-Локомотив» серіктестігі мен жылу қазандығында болып, бүгінгі жай-күйімен танысты.