​ЖУЫНАТЫН БӨЛМЕні таза ұстауға БІР ҚАСЫҚ ТҰЗ жетеді

0
134

Тұрмыстық жуғыш сұйықтықтарға көп шығынданбаңыз


​ЖУЫНАТЫН БӨЛМЕні таза ұстауға БІР ҚАСЫҚ ТҰЗ жетеді

Сурет: ЖИ

Үйдің тазалығын сақтау үшін тұрмыстық химияның түр-түрін пайдаланамыз. Әсіресе жуынатын бөлме мен әжетхананы таза ұстау үшін түрлі тазалағыш сұйықтықтар сатып аламыз. Олардың қалтаға әжептәуір салмақ болатыны өз алдына, өткір иісі, құрамындағы микробөлшектері ауаға таралып, ағзаға ену қаупі бар.

Асүйдегі кейбір қарапайым заттарды тұрмыстық химияның орнына пайдалануға болады. Соның бірі – кәдімгі ас тұзы.


Унитазды тазартады

Көпшілік унитазды тазалағанда арнайы сұйықтық құйып, щеткамен ысқылап, артынша суын ағызады. Бірақ тазартқыш құралдардың әсер етуіне уақыт қажет.

Ас тұзы қосымша тазалық құралы ретінде қызмет ете алады. Оның ұсақ түйіршіктері ылғалды сіңіреді, кейбір кір қалдықтарын ерітуге және жағымсыз иісті азайтуға көмектеседі. Әсіресе суы кермек аймақтарда пайда болатын әк шөгінділеріне қарсы қолдануға болады.

Кешкісін унитаздың ішкі қабырғасына аздап тұз себіңіз. Су жиналатын бөлігіне де бір қасық салуға болады. Біраз уақыттан кейін немесе таңертең щеткамен ысып жіберіп, суды ағызыңыз.


Кіреберістегі ылғалды сіңіреді

Күз бен қыста аяқкиіммен бірге үйге жаңбыр суы мен қар кіреді. Соның салдарынан дәліздегі еден мен аяқкиім сөресінің маңы жиі ылғалданады. Ал үнемі дымқыл тұратын жерде зең, көгеру пайда болуы мүмкін.

Табалдырық не плинтус бойымен аздаған тұз сеуіп қою арқылы артық ылғалды сіңіріп алатын сенімді қорғаныс жасай аласыз. Шағын ыдысқа салып, аяқкиім тұратын жерге қоюға да болады.


Құбырдағы иісті азайтады

Асүйдегі раковинадан кейде жағымсыз, ескі иіс шығып тұрады. Бұған құбыр ішінде жиналған май, тамақ қалдықтары мен басқа да кір себеп болуы мүмкін. Мұндайда тұзды қосымша күтім тәсілі ретінде пайдалана аласыз. Ол үшін су ағатын тесікке бірнеше қасық тұз салыңыз. Үстінен бір стақан буы басылған, бірақ ыстық су құйыңыз. Бұл әдіс жеңіл иісті азайтуға көмектеседі. Алайда тұз құбырдағы майлы қалдықтарды толық ерітпейді және бітелген жерді ашпайды. Егер су баяу ақса немесе иіс кетпесе, сифонды тазалау қажет.


Терезе мен айнаның тазалығын сақтайды

Жылы тұзды сумен терезе, айналарды жуу – тиімді тәсіл. Мұндай құрамды су кірді өте жақсы кетіреді, шыныны мөлдір етеді және айғыз қалдырмайды. Қосымша тағы бір артықшылығы, тұзды сумен сүрткен шыныға ұзақ уақыт шаң тұра қоймайды.


Тазалаушы сұйықтықтардың орнына тұз қолдану идеясын алллергияға бейім адамдар қуана қолдайды. Өткені оның құрамында тыныс жолын тітіркендіретін хлор, иістендіргіштер мен еріткіштер жоқ. Тазалық жұмыстарында тұрмыстық химияның үлесін азайтқысы келетіндерді бұл амал қолжетімді әрі қауіпсіздігімен баурайды.


Тұзды әмбебап тазартқыш дей алмаймыз. Ол дезинфекциялаушы құралдардың, құбыр тазартқыштардың немесе әйнек жуатын сұйықтықтардың орнын түбегейлі баса алмайды. Алайда, олардың шығынын әжептәуір азайта алады.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ТАСТАУҒА ОБАЛ: Кеңес дәуірінің ЖИҺАЗын ЖАҢАРТУ қиын емес