Creative Aimaq: 1000 креатор, 85 мың келуші және 200 млн теңгелік сауда

0
155

Қазақстанның 18 өңіріндегі шығармашылық кәсіпкерлердің басын қосқан Creative Aimaq республикалық жобасы қорытындыланды.


Creative Aimaq: 1000 креатор, 85 мың келуші және 200 млн теңгелік сауда

ERNUR.KZ. 13 маусым мен 1 қараша аралығында жоба аясында өткен өңірлік жәрмеңкелерге 1000 креатор қатысты. Жәрмеңкелерге 85 мың адам келіп, жалпы 200 млн теңгенің өнімі сатылды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Дизайнерлер, суретшілер, зергерлер, қолөнершілер, аниматорлар мен цифрлық контент әзірлеушілер өз жұмыстарын көпшілікке ұсынды. Келушілер авторлық бұйымдарды сатып алуға, отандық брендтермен және заманауи шығармашылық жобалармен танысуға мүмкіндік алды.

Сауда көлемі бойынша Маңғыстау облысы көш бастады – 33,26 млн теңге. Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш 23,85 млн теңгені, Түркістан облысында 21 млн теңгені, Жетісу облысында 16 млн теңгені, Жамбыл облысында 15,2 млн теңгені құрады.

Жәрмеңкелерде ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, ағаштан, былғарыдан және киізден жасалған бұйымдар, кескіндеме туындылары, анимациялық жұмыстар, сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен әзірленген цифрлық өнімдер ұсынылды.

Саудамен қатар, жәрмеңкелерде әр өңірдің шығармашылық ерекшелігін танытатын сән көрсетілімдері, шеберлік сабақтары, концерттер, таныстырылымдар және өзге де мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Жоба отандық креаторлардың өнімдерін нарыққа шығаруға, сату мүмкіндіктерін кеңейтуге және аудандар мен ауылдардағы шығармашылық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды. Қатысушылар өнімдерін сатып алушыларға тікелей таныстыруға, тұтынушылар сұранысын бағалауға, іскерлік байланыстар орнатуға және жаңа аудитория тартуға мүмкіндік алды.

Creative Aimaq жобасының қорытындысы өңірлердегі креативті экономиканың әлеуетін және отандық шығармашылық өнімдерге сұраныс бар екенін көрсетті. Креаторларды қолдау, қазақстандық брендтерді ілгерілету және олардың өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейту – креативті индустрияларды дамытудың маңызды бағыттары.