Қазақстан зейнетақы жүйесі бойынша АҚШ пен Жапонияны басып озды

0
125

Қазақстан Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық зейнетақы жүйелері рейтингінде 55 ел мен аумақтың арасында 29-орынға ие болды.


Қазақстан зейнетақы жүйесі бойынша АҚШ пен Жапонияны басып озды

Фото: ЖИ

ERNUR.KZ. Ел 100 балдың 64,8 балын жинап, АҚШ, Испания, Қытай, Жапония, Италия және Оңтүстік Кореядан озып шықты, деп жазады inbusiness.kz.

Рейтингті әзірлеу барысында сарапшылар зейнетақы төлемдерінің мөлшерін, жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын және зейнетақы қорларын басқару сапасын бағалады.

Қазақстан ең жоғары нәтижеге зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы көрсеткіші бойынша қол жеткізді. Бұл бағытта еліміз 74,4 балл жинап, әлемде 8-орынға тұрақтады. Аталған көрсеткіш зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді перспективада азаматтарға зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету мүмкіндігін бағалайды.

Сонымен қатар Қазақстан зейнетақы жүйесін реттеу және басқару сапасы бойынша да жоғары нәтиже көрсетті. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз 100 балдың 83 балын жинап, 19-орынға ие болды.

"Қазақстанның зейнетақы жүйесі әртүрлі табыс деңгейіндегі азаматтар үшін салықтар шегерілгеннен кейін жоғалған еңбек табысының орнын зейнетақымен толтырудың жеткілікті жоғары коэффициентін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жүйе қызметкерлерді кәсіптік зейнетақы бағдарламаларымен кеңінен қамтуымен ерекшеленеді. Бұдан бөлек, зейнетақы жүйесі тиімді реттеліп, басқарылады, оған қатысушылардың құқықтары жоғары деңгейде қорғалған және азаматтарды ақпараттандыру жұмысы жақсы жолға қойылған", – делінген сарапшылар қорытындысында.

Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 – әлемнің 55 еліндегі зейнетақы жүйелерін жеткіліктілік, тұрақтылық және тұтастық көрсеткіштері бойынша салыстыратын жыл сайынғы халықаралық рейтинг.