Ең төменгі жалақыны көтеретін заң қабылданды

0
114

Қазақстанда 52 инфрақұрылымдық жобаға қосымша 47 млрд теңге бөлінді.


Ең төменгі жалақыны көтеретін заң қабылданды

фото: Sputnik / Абзал Калиев

ERNUR.KZ. Құрылтай "2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңды екінші оқылымда мақұлдап, үшінші оқылымда қабылдады, деп жазады sputnik.kz.
Депутаттар мына түзетулерді қолдады, соның ішінде:
114,1 млрд теңге – ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруге, алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) қызметкерлерінің жалақысын арттыруға және орта білім беру саласына жасанды интеллектті енгізуге;
101,5 млрд теңге – Сәтпаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін су құбырын жүргізуге және "Балқаш" АЭС жобасы бойынша геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуге бөлінеді.
Сонымен қатар, 135,5 млрд теңге қаражат республикалық бюджеттің тиімділігі мен сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар арасында өзара қайта бөлінді.
Құрылтай депутаттарының бастамасымен 2027 жылғы республикалық бюджетте аймақтарда 52 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қосымша 47 миллиард теңге бөлінді.
Жылу, электр энергиясы және газ тасымалдау жүйелері саласындағы жобаларды іске асыруға 28,1 млрд теңге қарастырылды.
Қосымша бөлінген қаражат 12 өңірдегі жылу, электр энергетикасы және газбен жабдықтау жүйелерін дамытуға бағытталады. Атап айтқанда, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстарында жылу желілері мен қазандықтар салынып, жөнделеді. Сондай-ақ газ құбырлары мен электр желілері жаңғыртылады.
Бұдан бөлек, Атырау облысындағы өзен жағалауларын нығайтуға 2,5 млрд теңге, Қостанай, Түркістан және Ұлытау облыстарындағы сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға 4,9 млрд теңге бөлінеді.
Павлодар әуежайының терминалы мен нысандарын қайта жаңартуға, Шымкентте ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана салуға 2,5 млрд теңгеден қарастырылған. Ал Ақтөбе, Жетісу және Батыс Қазақстан облыстарындағы жобаларға қосымша 6,5 млрд теңге бағытталады.