Ақтөбеде танымал жанармай құю станциясының иесін өлтірді деген күдікті ұсталды

0
75

Таңғы уақытта Ақтөбедегі өз үйінде танымал жанармай құю станциялары желісінің директоры, 49 жастағы Айболат Жисовты атып кеткен.


Ақтөбеде танымал жанармай құю станциясының иесін өлтірді деген күдікті ұсталды

ERNUR.KZ. Ақтөбеде 49 жастағы кәсіпкердің өліміне қатысты күдікті екі күннен кейін ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол марқұмның көршісі болған, деп жазады stan.kz.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, көршілері атыс дыбысын естіген.

"Таңғы сағат 7:30-дар шамасында, нақтырақ айтқанда 7:40-та үш рет тарс еткен дыбыс естідім. Бірақ оның оқ дауысы екенін түсінбедім. Сыртта қараңғы болғандықтан, көршілеріміз тағы да отшашу атқан шығар деп ойладым. Кейін жұмысқа келдім. Біраз уақыттан соң әпкем хабарласып, көршімізді атып өлтіргенін айтты", – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Таңғы уақытта Ақтөбедегі өз үйінде танымал жанармай құю станциялары желісінің директоры, 49 жастағы Айболат Жисовты атып кеткен. Қылмыс жасалған болуы мүмкін зәулім үй қаланың ең жабық әрі беделді аудандарының бірінде орналасқан. Таңертеңнен бастап аумақты полиция қоршауға алған.

Полиция қоршауды алып тастағаннан кейін үйге көліктер келе бастаған. Хабарланғандай, марқұмның туыстары көңіл айту үшін жиналып жатыр.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ақтөбе облысының полиция департаменті күдіктінің қалай ұсталғаны туралы әзірге толық ақпарат берген жоқ. Белгілі болғандай, қылмысты ашу үшін Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратының тәжірибелі жедел қызметкерлері Ақтөбеге жіберілген.

"Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері кәсіпкерді өлтірді деген күдіктіні анықтап, ұстады. Ол – Қазақстан азаматы, Ақтөбе қаласының тұрғыны", – деп хабарлады Ақтөбе облысының полиция департаменті.

Тергеу барысын Ішкі істер министрлігі өз бақылауына алды.

Қанды оқиға 16 қараша күні таңертең қаланың элиталық шағын аудандарының бірінде болған. Марқұмның үйі биік қоршаумен қоршалып, аумағына бейнебақылау камералары орнатылған. Дегенмен қылмыскердің үйге қалай кіргені және оқиғаның қалай өрбігені әзірге белгісіз.

Көршілері таңертең атыс даусын естігенін айтқан. Ал әлеуметтік желіде күдіктінің қылмыстан кейін кәсіпкердің көлігіне мініп, ізін суытқаны туралы ақпарат тарады. Кейін автокөлік Ресейге қарай бағытталған Богослов тасжолынан табылған деген болжам бар. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.